Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

650 ауылда медициналық мекемелер салынады

AstanaTV
07.09.2022ж. 20:00
936
650 ауылда медициналық мекемелер салынады

Еліміздің 650 ауылында екі жыл ішінде медициналық мекемелер салынып, толық жабдықталады. Бұл медициналық-санитарлық көмекпен миллионнан астам азаматты қамтуға мүмкіндік бермек. Ауыл тұрғындары бұдан былай ем алу үшін жүздеген, тіпті мыңдаған шақырымға барып әуре болмайды. Сонымен қатар, 32 аудандық аурухана көпсалалы орталыққа айналады. Бұл медициналық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді деп санайды елордалық дәрігерлер. Мамандардың айтуынша Президент Жолдауында айтылған бастамалар ауылдағы өмірді шынымен жеңілдетіп, науқастарды азайтады.

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Ауылдық мекендерде осындай медициналық көмек көрсету орталықтарының ашылуы біз үшін үлкен қуаныш. Біз көптен бері осы мәселені көтеріп жүргенбіз. Жалпы бүгінгі таңдағы үлкен проблема медицина саласында қаржының жеткілікті жоспарланбауына байланысты. Бұған көптеген мамандардың айтуы тарифтердің жалпы қазіргі таңдағы ескі тарифтермен есептелуі. Сол тұрғыдан бүгінгі таңда біздің кеңестің мүшелері депутаттық сауал даярлап жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігінде қаржыландыру жобасы дайын. Ведомствоның айтуынша енді тек кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі қалды.

Жандос БҮРКІТБАЕВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Аталған мәселе бойынша бюджет жобасы қазірдің өзінде бар. Ол шамамен 108 миллиард теңгені құрайды.  Енді қалған 32 клиниканың бағасын есептеп шығару қалды. Күрделі жөндеуге шамамен 32 миллиард теңге бөлу керек. Жабдықтауға 44 миллиард кетеді деп  жоспарлануда.


А. Базарбай