Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Әулиекөл ауданында «Жастар рухының» 300-ден астам волонтері жұмыс істеп жүр

AstanaTV
07.09.2022ж. 20:00
1051
Әулиекөл ауданында «Жастар рухының» 300-ден астам волонтері жұмыс істеп жүр

«AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты жасақтаған волонтерлік топтар Қостанай облысында орман өртінен зардап шеккендерге көмек көрсетуде. Эвакуацияланған тұрғындарға да жәрдемдесуде. Тіпті қалпына келтіру жұмыстарына да қолғабыс етіп жүр. Толығырақ Мерей Қалиасқар тарқатады.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл деген ұранмен Әулиекөл ауданына еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ден астам ерікті келді. Бүгінде олар гуманитарлық көмекті қоймаларға жайғастырып,  азық-түлік пен қажетті заттарды тұрғындардың үйлеріне жеткізіп беруде.  

Нұржан ЖЕТПІСБАЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ «ЖАСТАР РУХЫ» ЖҚ ТӨРАҒАСЫ:

Негізгі жұмысымыз келген әлеуметтік көмекті халыққа үйлестіріп, тарату. Нақты ауыл-аймақтарға өтіп, азаматтардың мұң-мұқтаждарын тыңдап, бұл жерде мектептерде, интернаттарда орналасқан ауылдар бар. Оған қоса әлеуметтік аз қамтылған топтарда осы жерде барлығы қайғы-қасіретті, жапа шегіп жатыр.  Сіздің мынандайыңыз болды, болмады деп бөлмей, барлығына көмек көрсетіп жатырмыз.

Қиын сәтте қол үшін созып жатқан жастар сондай-ақ қалпына келтіру жұмыстарына, өрттен кейінгі үйінділерді сұрыптауға, аумақты тазалауға жұмылдырылған. Мәселен, елордалық Райымбек Бақытжанов апат туралы ести сала бірден қолғабыс етуге шешім қабылдапты.

Райымбек БАҚЫТЖАНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ «ЖАСТАР РУХЫ» ЖҚ ВОЛОНТЕРІ:

Бүкіл ел тарапынан қазір бізге жүк келіп жатыр. Соны қарсы алып, бөліп, адамдарға не керек соны жеткізіп, осындай жұмыс атқарып жатырмыз қазір. Енді осындай апат жағдайда бірікпегенде қашан бірігеміз?!

Жергілікті тұрғын Аманжол Ахметов еріктілерге алғысын айтып, ең бастысы, елімізде тыныштық болсын деген тілегін жеткізді.

Аманжол АХМЕТОВ, ТҰРҒЫН:

Опат осындай болғаннан Бүкіл Қазақстан түкпір-түкпір жерден келіп, бәрі ештеңеге қарамай көмектесіп жатыр. Партия «AMANAT» жан жақтан келіп, тамағын болсын, ақшасын да беріп жатыр. Бір халық, бір Қазақстан болып көмектесіп жатыр.

Еске сала кетейік, аманаттықтар үш күн ішінде зардап шеккендерге 1214 тонна гуманитарлық көмек жинады. Партия филиалдары жанындағы гуманитарлық көмек жинау пункттері барлық 20 өңірінде ашылған болатын. «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының ұжымы да зардап шеккендерге көмек көрсету қорына біркүндік жалақысын аударды.

Қ. Мерей