Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Оралдағы балалар ауылынан тағы бір жеткіншек қашып кетті

Оралдағы балалар ауылынан тағы бір жеткіншек қашып кетті

Оралдағы отбасылық үлгідегі балалар ауылынан қашып кеткен жеткіншектер екі күннен кейін табылды. Күндіз-түні іздестіру жұмыстарын жүргізген тәртіп сақшылары оларды қала маңындағы орманнан тауыпты. Екі күн бойы орманда жүрген балалар иесіз қалған саяжайлардың бірін паналаған. Тіпті қараусыз қалған үйлердің бірінен әлдебір затты ұрлап үлгіріпті. Қазір осы дерек бойынша іс қозғалды. Енді қашқындар: «балалар ауылынан ішіміз пысып, зеріккесін қаштық»,- деп ақталып отыр. Бірақ олар енді  полицияның арнайы есебіне алынады.

Разия СҮЙІНШӘЛИЕВА, ОТБАСЫЛЫҚ ҮЛГІДЕГІ БАЛАЛАР АУЫЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
 
Олар сенбі күні тәрбиешінің үйде жоқтығын пайдаланып, көшеге шығып кеткен. Шамасы алдағы демалыста қала күні тойланатынын біліп, сонда барғысы келген шығар деп ойладық. Олардың әлдекіммен сөзге келіп, ренжіскенін байқаған жоқпыз, тәрбиешімен де тату болған.

Балалар үйі қызметкерлерінің айтуынша, жасөспірімдердің екеуі де үлгілі тәртібімен танылған. Бірақ әке-шешелері түрлі себептермен ата-аналық құқығынан айрылыпты. Екеуі  қаладағы бір мектепте оқиды.

Мәдина ҚҰСПАНОВА, ОРАЛ ҚПБ ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БӨЛІМІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазіргі таңда заңды өкілдеріне қолхат арқылы табысталды. Қарындары ашпаған. Біздер саяжай тұрғындарын жауаптадық. Олардың айтуы бойынша, осы жасөспірімдер келіп, деміл-деміл азық-түлік сұрап, тұрғындар оларды тамақтандырған.
 
Бүгін дәл осы мекемеден тағы бір жасөспірім қашып кетті. 14 жастағы жеткіншекті іздестіруге полициямен қатар, отыз шақты волонтер жұмылдырылуда. Тәртіп сақшыларының айтуынша, ол бұған дейін де бірнеше рет осындай әрекет жасап, арнайы есепке алынған көрінеді.

Е. Карин