Биылғы діндер съезі әлем үшін бірегей, әрі тарихи оқиғаға айналады. Қырғи-қабақ текетірестер күшейген тұста мұндай бас қосулардың маңызы зор. Съезд хатшылығының басшысы, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі хатшылығының ХХ отырысында осыны айтты. Шараға әлемдік және дәстүрлі діндердің 30-ға жуық өкілі қатысты. Толығырақ тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатады.
Үлкен жиынның алдында өтіп жатқан бүгінгі басқосудың маңызы бөлек. Хатшылық съездің жұмыс органы болып табылады. Дәл осы жерде негізгі мәселелер талқылаудан өтіп, үлкен жиында көтерілетін тақырыптар бекітіледі. Жиында съездің мүмкіндіктері айтылып, әлемдік ортақ проблемалар талқыланды.
Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Съезд рухани көшбасшыларға тікелей сұхбат құруға, дін аралық және өркениет аралық диалогты нығайтудың маңызды мәселелерін бірлесіп қарауға, сондай-ақ әлемді алаңдатқан өзекті проблемаларды шешу жолдарын талқылауға үлкен мүмкіндік береді. Алдағы форум мазмұнды әрі табысты болады деп сенемін.
Жиынға жетекші әлемдік діндердің, халықаралық ұйымдардың және еліміздегі діни бірлестіктердің өкілдері жиналған. Олар діндер съезінің күн тәртібін бекітті. Сонымен қатар Қазақстанның ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де дінаралық және конфессияаралық диалогты нығайту жолында жүргізіп жатқан жұмыстарына тоқталды.
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ, ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ:
Жер бетіне бейбіт өмір орнату, күллі адамзаттың қажеттілігі. Бұл ортақ келісім мен өзара түсіністік аясында орнатылған іс. Кез-келген келіспеушілік жағдай келісіммен даналыққа негізделген диалог негізінде шешілуі ләзім.
Жиынға қатысқан өзге де дін өкілдері бірлік пен өзара түсіністіктің маңыздылығы жоғары екенін атап өтті. Сондықтан да мұндай диалогтық алаңның берері мол екенін жасырмайды.
Сонг ЧЖИН, КОРЕЙ БУДДИЗМНІҢ "ЧОГИЕ" ЖЕТЕКШІ ОРДЕНІНІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАР ЖӨНІНДЕГІ КОМИТЕТІНІҢ МҮШЕСІ:
Бұл кездесу маған қатты әсер етті. Біз бәріміз бір дөңгелек үстелде отырмыз яғни бүгін бүкіл әлем осы үстел айналасында бірікті деген сөз. Буддизмде "бүкіл әлем бір гүл"деген тіркес бар. Бұл ұлттар, тілдер, діндер әртүрлі болуы мүмкін дегенді білдіреді, бірақ біз бәріміз біргеміз.
Сонымен съездің негізгі пленарлық отырысы ертең өтеді. Оған мұсылман әлемінің аса мәртебелі дін басыларымен бірге Рим папасы Франциск те қатысады деп жоспарланып отыр. Сьезде дін лидерлері пандемиядан кейінгі кезеңде рухани және әлеуметтік дамудағы дін көшбасшыларының рөлі тақырыбына баса көңіл бөлмек.
Б. Сатуов