$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Ауыл әйелдеріне бизнес жоба бастауға көмек көрсетіледі

AstanaTV
19.07.2016ж. 20:00
2609
Ауыл әйелдеріне бизнес жоба бастауға көмек көрсетіледі

Ауыл әйелдері де бизнеске тартылуы тиіс. 3 жылдан бері «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Әйелдерге қолдау» эксперттік тобы осындай бастаманы іске асырып келеді. Қазірдің өзінде 5 мың келіншек арнайы кәсіптік тренингтен өтіп, 21-і мемлекеттік грантқа қол жеткізген. Биыл тағы 10 грант табыс етілмек.

Эксперттік топқа жетекшілік етуші депутат Майра Айсина бір қолымен бесікті, енді бір қолымен әлемді тербетуге ниетті сондай келіншектердің бір тобымен Ақмола облысына қарасты Ақмол ауылында кездесті. Мұнда жаңа технологияларды қолдана отырып, өз істерін бастағысы келетін азаматшалар көп екен. Әзірге «Әйелдерге қолдау» жобасы Алматы, Ақмола және Қарағанды облыстарында жүргізіліп жатыр.

Майра Айсина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Экспоға шамамен 5 млн адам келеді. Оның 1 млн шетелдік азамат болса, қалған 4 млн өзіміздің елдің адамдары. Дегенмен оларды тамақтандыру керек. Бір жағынан, біздің дәстүрлерімізді көрсетуіміз керек. Соның бәрін кім көрсете алады? Ауылдың әйелдері. Үйде отырған әйелдердің қолдарынан бәрі келеді.

Ал солтүстік өңірге ат басын тіреген депутат Сапархан Омаров жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған азаматтармен жолығуды жөн көрді. Халық қалаулысы Қызылжардағы бетон құю зауытының басшысы Александр Ещановты қабылдап, жұмыс барысымен танысты. Кәсіпкер жаңа технологияны қолданып, құрастырмалы кірпіш шығаруды жоспарлап жүргенін жеткізді. Жоба құны 150 млн теңгеге бағаланған. Тек шаруаның іске асуына қажетті қаржылық қолдау болмай отыр екен.

Сапархан Омаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Бұл жерде жаңағы кәсіпкердің өтініші «Дамуға» келіп түскен. Енді ол «Дамумен» бірге отырып, сол мәселені жақсылап, айқындап қарауға көмектесеміз. Ең бастысы, бұл жердегі шығарылатын кірпіштің қазақстандық материалдары 99 пайызға жетіп отыр.

Тағы бір мәжілісмен сапары Алматы облысында өтті. Мұнда депутат Марат Бопазов Матай ауылының тұрғындарымен кездесті. "Есіктен есікке дейін" акциясы аясында бірнеше отбасына бас сұғып, құдай қонақ болып, дәм татты. Одан кейін мектеп залына жиналған ауыл жұртымен жүздесіп, бірқатар мемлекеттік бағдарламаның стратегиясын түсіндірді. Жаңа балабақшаны көріп, іргедегі демалыс орталығының жұмысымен де танысты.