Президентті бір мерзімге сайлау – демократияның жаңа элементі. Әділет министрі Қанат Мусин парламенттің бірлескен отырысында осылай деді. Министр қос палатаға Президент мандатына қатысты заң жобасын ұсынды. Сондай-ақ, елорда атауын өзгертуге байланысты ұсыныс қаралды. Парламент отырысына қатысқан тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатады.
Әділет министрі Қанат Мусиннің айтуынша, заң жобасына өзгеріс енгізу Президент сайлауына байланысты депутаттардың ұсынысымен жеделдетілген. Онда Президенттік сайлаудың 7жылдық мерзімі мен бір реттік сайлау жүйесі қарастырылып отыр.
Қанат МУСИН, ҚР ӘДІЛЕТ МИНИСТРІ:
Депутаттар ұсынғандай, Президенттің мандатын қайта сайлану мүмкіндігінсіз бір мерзімге шектеу осы Заң жобасы күшіне енгеннен кейін жеті жыл мерзімге Президент сайлаған адамдарға қолданылатын болады. Сондай-ақ Конституцияның Президенттің өкілеттік мерзіміне және оны қайта сайлау жөніндегі шектеулерге қатысты ережелерінің өзгермейтіндігін белгілейтін түзету көзделген.
Сондай-ақ, Конституциялық Соттың судьялары қайта тағайындалуына шектеу қоя отырып, Конституциялық Сот судьяларының өкілеттік мерзімдерін 8 жылға дейін ұлғайтылады. Айта кетейік, сот судиялары бұған дейін 6 жылға сайланатын. Қос палата отырысында елорда атауын өзгертуге байланысты ұсыныс та қаралды. Оны "Жаңа Қазақстан " депутаттық тобы көтерді. Парламент депутаттары бұл мәселеде халық қалауы маңызды деді.
Жанарбек ӘШІМЖАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Жұрт назарында тұрған тағы бір мәселе – елорданың бұрынғы атауын қайтару. Қазақстан халқы Тұңғыш Президенттің мемлекет іргесін бекітудегі тарихи еңбегін жоққа шығармайды. Ал халықтың негізгі талабы – кезінде өзінің пәрменімен Елордаға берілген Астана атауын қайтару.
Ұсынылған заң жобасын қос палата екі оқылымды қатар өткізіп бір ауыздан мақұлдады. Депутаттардың бұл шешімін саясаттанушылар қолдап отыр.
Марат БӘШІМОВ, САЯСАТТАНУШЫ:
Өзгерістер болашақпен байланысты. Депутаттар негізі дұрыс шешім қабылдады. Оны көзқарасты ашып, объективті түрде қарасаң өзгерістер керек. Оны мойындау керек.
Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:
Сонымен көптен бері талқыға түскен мәселелерге бүгін нүкте қойылды. Президент мандаты 7 жылдан аспайды және 1 мерзімге ғана сайланады және елордаға Астана атауы қайтарылады. Енді бір ғана қадам қалды. Құжатқа Президент қол қойса, Заң күшіне енеді.
Б. Сатуов