$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Түркістан облысында оқушы көлікпен адам қақты

AstanaTV
19.09.2022ж. 20:00
2171
Түркістан облысында оқушы көлікпен адам қақты

Түркістан облысында мектеп оқушысы адам қақты. Ордабасы ауданы Қайнар ауылында болған жол көлік апатынан 8-сыныпта оқып жүрген қыз бала көз жұмды. Мектеп басшысының білуінше, 11-сыныпта оқитын ер бала атасының көлігін мініп кеткен. Жол апатына не себеп? Мектеп баласы тура сабақ басталар сәтте көлікпен неге жүр? Көкейдегі көп сұраққа әріптесім Айзада Төребекқызы жауап іздеп көрді.  

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Жеңіл автокөлікті тізгіндеген оқушы дәл осы тұста жолдан шығып кеткен. Бұл сәтте жаяу жүргіншілер жолымен бірнеше оқушы мен екі мұғалім мектепке қарай бара жатқан. Көліктің қандай жылдамдықпен келгені белгісіз. Бірақ мына жердегі көше атауы жазылған темір тақтайшаны қатты майыстырып, тіпті мына бетонды орнынан қозғап жіберген.
 
Куәгерлердің айтуынша, 8-сыныпта оқитын қыз бала ауруханаға жетпей жан тапсырған.
 
Көлік қаққан қыз Қайнардағы Мұхтар Әуезов мектебінің 8-сынып оқушысы. Бір үйдің тұрғышы. Директор марқұмды мектебіміз үміт артқан үздік оқушымыз еді деп қынжыла еске алды. Көлік тізгіндеген оқушысы туралы да пікірі оң.

Ділбар САПАРЫМБЕТОВА, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:
 
Өте жақсы бала деп айта алмаймын, жақсы бала тұғын. Мектепті ұятқа қалдырмайтын жақсы бала. Куә болған мұғалімдердің барлығы айтып жатыр, жаңағы бала тежегішті баса алмай қалды ма дейді да. Бірақ енді бізде сондай не болды. Мен өзімше ойладым, газ бен тежегішті ауыстырып алды ма екен бала десем жоқ кейіннен «тежегіші істен шыққан екен» деп айтады енді баланың әкесінің айтысы.
 
Мектеп басшысы қолына кілт түскен жас бала сабаққа дейін ауылды бір айналып шыққысы келді екен деген деген ойын да бүкпеді. Оның жанында тағы бір сыныптасы болған.  Оқушылар мектепке көлікпен келмек болды ма екен деген де сұрақ туындайды.
 
Қуандық ДАРХАНБАЙ, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

Негізі ол балалар ешқашан мектепке келген емес машинамен, айдап келген балалар емес. Бірақ ол балалар белсенді, спортсмен, баскетболист балалар негізі, баскетболға жақсы қатысқан. Мына жерде бірәз жүлделері бар. Қоғамдық. Жазым шығар бұл енді. Қолдан әдейі істеді деп ешкім айта алмайды бұл жағдайды.
 
Адам қаққан 11-сынып оқушысы ауруханада жатыр. Жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылған баланың бүгінгі жағдайы тұрақты дейді дәрігерлер. Ал жол апатының себебін полиция анықтап жатыр.

А. Төребекқызы