Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Автобус аялдамасына жету үшін терең саймен жүреді

AstanaTV
19.09.2022ж. 20:00
1485
Автобус аялдамасына жету үшін терең саймен жүреді

Алматыдағы "Нұр Алатау" шағын ауданының кейбір көшелерімен автобус жүрмейді.  Тұрғындар қоғамдық көлікке міну үшін бірнеше шақырым жерді айналады. Сондықтан өздері аялдамаға апаратын төте жол ретінде терең сайға баспалдақ салып алған. Бірақ, оның өзі қауіпті, қалт-құлт еткен көпірмен әрең қатынаймыз дейді. Редакциямызға хабарласқан тұрғындардың мұқтажын тілшіміз Мөлдір Жақан жеткізеді.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Көше тұрғындары ең жақын деген автобус аялдамасына жету үшін күн сайын  осы терең саймен жүруге мәжбүр. Өздері жасап алған мынау баспалдақтармен жанын шүберекке түйіп өтеді.   «Әсіресе, еңкейген шал мен жас балаларға қиын»,- дейді олар.


Бұл баспалдақтар да ескіріп, қирауға шақ қалған. Талай адам құлап, аяқ-қолын сындырған көрінеді. Ал көлік жүретін жолмен жүрсе,  аялдамаға жету үшін кемінде 2 шақырым жерді жүріп өту керек.  

Тұрсынәлі РЫСКЕЛДИЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Енді осы жердегі біздің басты қиыншылық – жас балалар мектепке барады, яслиге баратын балалар бар. Кемпір-шал бар, таяқ ұстап жүретін, жүре алмайтын. Осылардың барлығына автобус біздің көшемізге келмей тұр. Мына өр жағынан есептегенде 2 км, аяқ жағынан есептегенде 3-4 км жер, сол жерден оған бару керек.


Тұрғындар әкімдікке талай мәрте шағымданған. Алайда, еш нәтиже шығар емес дейді. Сондай-ақ, ықшам ауданда балаларға арналған ойын алаңы  жоқ екенін айтады.

Сәуле ИБРАЕВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осындай біршама үлкен жерде ешқандай балалардың ойнайтын жері жоқ. Ол да бір үлкен мәселе. Жоғары жақта кең жер жатыр. Сол жерден бізге балалардың ойнайтын бір алаңқай бөлініп берсе деген қолқа бар.

Билік өкілдерінің айтуынша, бұл аумақты автобус аялдамаларымен қамту әзір мүмкін емес. Себебі, көшелер тар дейді.  

Абылайхан ОМАРХАН, АЛМАТЫ қ. МОБИЛЬДІК БАСҚАРМАСЫ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:


Ол жер бұрынғы кезде дачный массив болған. Жолдары стандарттарға сай емес. Яғни, кейбір жерлерде жолдардың кеңістігі 5- 7 метрлерге дейін келеді. Сол себепті аталған көшелерді маршруттық желімен қамту мүмкін емес. Жолда тұрған машиналар болса, автобус өте алмай қалады. Қарама-қарсы машина шыққанда да өте алмай қалады. Және автобустың кері айналу мүмкіншілік орындары жоқ.


Әкімдіктегілердің сөзінше, мәселені шешудің бірден бір  жолы- көшелерді кеңейту. Ал бұл жұмыстар қашан және қалай іске асатынын айта алмаймыз дейді.  

М. Жақан