Әулиеата өңірінде жоғалған мал табылмайды. Жамбылдықтар осылай деп шуласты. Олар соңғы кезде барымташылар өрісті қойып, төрт түлікті ауладан айдап әкететінді шығарды дейді. Ұры-қараның бұлай басынуына полицейлердің де қатысы бар деп отыр. Тәртіп сақшыларынан күдер үзгендер арнамызға хабарласты. Тараптарды тыңдаған әріптесімнің бейнематериалы.
Жоқ іздеп сабылған жұрт, бүгінде жыларман күйге түскен. Жақында ғана Ақжар ауылдың 22 бас жылқысы қолды болыпты. Осы уақытқа дейін талай тұяқ жоғалған, бірақ тәртіп сақшылары тіпті бір түйірін таба алмауын бұқара түсіне алар емес.
Таңатар ТЫНЫБЕКОВ, АҚЖАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Жоғалып отырған тек қана 22 бас емес. Бексұлтан деген жігіттен 3 бас кетті, Ораздан 6 бас кетті, Қуаныштан 10 бас кетті, Ербол дегеннен жылына ол бір екі бастан кетіп отыр. Мысалы ішкі істер органдарына хабар беріліп жатыр. Бірақ, жоғалған сонша малдың біреуінен әлі нәтиже шығып жатқан жоқ.
Айнұр ТЕЗЕКБАЕВА, АҚЖАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Осы тікелей малға қарап отырмыз. Мал өссе малмен қосылып өсеміз, ал малымызды шетінен келіп енді өсіп қалды дегенде шырқыратып айдап кетеді. Жыл ма жыл сондай болады.
Ауылда мал ұрлығы барымташылардың кәдімгі кәсібіне айналған дейді жиналғандар. Өйткені соңғы кезде төрт түліктен ай сайын айрылатын болдық деп шуласты. Құзырлы органдардың табалдырын тоздырдық деген олар бұл барымташылар мен полицейлердің бірлескен ісі ма деп күдіктенеді.
Ораз МЕҢІЛБЕК, АҚЖАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Үйден ұрланды екі бас. Содан ойбай табылды деді. Сүйінші сұрап келді ұрыларың бар деп. Артынша барсақ, жоқ олар емес екен деп шығарып салды. Бұл жерде бір кінәлісі құзырлы органның тірлігі болып тұр. Жұмыс істемейді.
Ал полицейлер ауыл жұртының жанайқайын жоққа шығарды. Мал ұрлығының дерегі аймақта 3 пайызға азайған деді.
Қанат ҚОЖАМҚҰЛОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ КПБ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:
Облыс аумағында ұрланған және жоғалған 781 бас малдың 139 басы жылқы, 97 ірі қара, 547 ұсақ мал. Яғни ұрланған малдың 59 пайызы егелеріне қайтарылды. Ашылу пайызы 55 тен 52,2 пайызға артты.
Құзырлылардың өтірік есебінен шаршадық деген ауыл жұрт, мәселеге Ішкі істер министрлігі назар аударса дейді.
Б. Жұмабайұлы