$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Қазақстан-Ресей шекарасынан «жасыл дәліз» ашылады

AstanaTV
29.09.2022ж. 20:00
1127
Қазақстан-Ресей шекарасынан «жасыл дәліз» ашылады

Қазақстан-Ресей шекарасынан  «жасыл дәліз» ашылады. Бірнеше күн бойы шекарада кезегін күткен Қазақстан азаматтары  енді елге қарай емін-еркін өтеді. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары, Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин  мәлімдеді. "Жасыл дәліз" жайы бүгін-ертең реттелуі керек. Ал қазір шекарада кезегін күткен көлік нөпірі әлі көп. Тілшіміз Еркін Карин жалғастырады.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Қазір шекараның Қазақстан жақ беті де ұзын-сонар кезек. Көбі – жүк көліктері. Жүргізушілерінің айтуынша, екі күнін жолда күтумен өткізген.
 
Самара мен Тольятти қалаларынан Оралға қатынайтын автобус қозғалысы бір күнге тоқтады. Орал автовокзалының өкілдері мұны жолаушылардың қауіпсіздігімен байланыстырады. Өйткені белгісіз біреулер шекарадағы автобустардың бірін аударып кеткен.
 
БЛИЦ:

- Кеше кеште келгем, содан енді өтейін деп тұрғам, құдай қаласа. Тамақ бәрін алып алғам.

- Ана жақтағы жағдай 30-40 шақырымға барған ғой өшірет. Кісілер тұр өте алмай.

 
Шекарадан өте алмай, Ресей жағында тұрып қалған қазақстандықтар  үшін "жасыл дәліз" ашылады. Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі де шешіліп жатқанын жеткізді.  
 
Серік ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ - САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

Кеше Ресей Үкімет басшысының орынбасарымен сөйлестім. Шекарадан елге өте алмай тұрған Қазақстан азаматтары бар. Осы орайда азық-түлік тиелген көліктерге қатысты Ресей жағымен уағдаластық жасалды. Бұл мәселе бойынша тиісті тәртіп енгізіледі. Бүгін екі елдің шекара қызметтері өзара келісіп, тиісті жұмыстар істеледі.  

Сондай-ақ, министр Қазақстанға келіп жатқан ресейліктердің дені транзит арқылы басқа елдерге кетіп жатқанын да айтты. Сондықтан, дүрлігуге негіз жоқ дейді.  

Серік ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ - САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

Ресейліктермен бауырласпыз. Халық қиын жағдайға тап болғанда көмек көрсетпегеніміз қалай? Осыдан 80 жыл бұрын аталарымыз бірге майданда болды. Енді оларға: "Шекара жабық, келмеңдер" деп айтуымыз керек пе? Одан кейін өзімізді сыйлай аламыз ба? Бұл біздің ұлт ретіндегі ұлттық болмысымызға сәйкес келмес. Біз бауырмал, қонақжай халықпыз. Кезінде өз территориямызға 100 халықты қабылдағанбыз.

 
Қазақстан жағдайды ретке келтіру  және жеңілдету үшін тиісті шараларды қабылдап жатыр. Ресми ақпарат бойынша, Орал арқылы шекарадан осы уақытқа дейін  20 мыңға жуық ресейлік азамат өткен.

Е. Карин