$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар жұртымен кездесті

AstanaTV
05.10.2022ж. 20:00
1646
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар жұртымен кездесті

Президент алдағы сайлауға белгілі бір ұйымның атынан қатыспайды. Ел ішінде жүргізіліп жатқан реформалардың әлеуметтік негізін қалыптастарытын қоғамдық саяси күштердің үлкен коалициясының атынан сайлауға қатысады. Мемлекет басшысы бұл туралы Павлодар қаласының халықымен өткен кездесуде айтты. Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі өзекті мәселелерге тоқталып, шешім табу керек деген жұмыстарды жіпке тізді.

Еуропалық Одақ Халықаралық аренадағы геосаяси өзгерістерге байланысты, көмірді қолдану концепциясына қайта орала бастады. Бірақ Қазақстан көмірден бас тарта алмайды. Себебі, еліміздің энергетикалық балансында көмірдің алар орны ерекше. Қатты отыннан атмосфераға бөлінетін қауіпті азайту үшін озық технологиялар бар деген Президент, соны өндірісте қолдану керек екенін айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстанға қосымша электр энергиясы қажет. Бұл – факт. Елімізде энергетикаға деген тапшылық сезіледі. Бұған жол беруге болмайды. Осы тұрғыда, көмір массасының шығарындыларын ең аз мөлшерге дейін азайтуға мүмкіндік беретін технологияларды пайдалану – өте маңызды.

Павлодар – трамвай сирек жүретін қалалардың бірі. Мемлекет басшысы қаладағы экологиялық көлікті сақтап қалу керек екенін айтты. Президент жиын барысында жолдарды жаңғыртып, жаңа, дыбыссыз көліктерді көбейтуді ұсынды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Трамвай – өзінше тартымды көлік түрі. Еуропаның көптеген елдерінде трамвайлар кедергісіз жүреді. Сол үшін трамвай жүйесін дамытуды жалғастырып, құрамын жаңартуды жеделдету керек. Алматыдағы трамвай жүйесін алып тастадық. Бұл өте өкінішті. Енді Павлодар қаласындағы көліктерді сақтау керек.

Павлодарлықтармен өткен жиында Президент волонтерлардың еңбегіне де тоқталды. Өйткені, жасампаз жастардың атқарып жүрген жұмыстарының ауқымы кең дейді. Олар көмекке мұқтаждарға көмектесіп қана қоймай, мемлекеттік маңызы жоғары жиындарға да өз үлестерін қосқан.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен Қазақстандағы көптеген волонтерлердің еңбегін атап өткім келеді. Өздеріңізге мәлім, 2020 жылды волонтер жылы деп жарияладым. Бұл шешім өзін ақтады. Қазақстанда жастарды волонтер жұмысын ынта-жігерімен атқарады. Еліміздің игілігі үшін еңбектеніп, табиғатымызды таза ұстап, қорғау кезінде жұмыс істеп келеді.

Мемлекет басшысы алда өтетін ауқымда саяси науқанға қатысты да пікірін білдірді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен білгілі бір ұйымның емес, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың әлеуметтік негізін қалыптастыратын қоғамдық саяси күштердің үлкен коалициясының атынан сайлауға қатысқаным дұрыс деп ойлаймын.

Жиын соңында Президент біздің еліміздің мықтылығы – тұрғындарымыздың білім деңгейімен, отансүйгіштігімен өлшенетінін айтты. Мемлекеттің басты құндылығы – халық екенініе еске салды.

А. Задабек