Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Өңірдегі тұрғындар Қ.Тоқаевтың Президенттікке ұсынылуын қолдайды

AstanaTV
11.10.2022ж. 20:00
1439
Өңірдегі тұрғындар Қ.Тоқаевтың Президенттікке ұсынылуын қолдайды

Өңір жұртшылығы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президенттікке ұсынылуын қолдайды. Аймақтағы ағайынмен кездескен «AMANAT» партиясының мүшелері осылай - дейді. Сөздерінше, Мемлекет басшысы ел басқаруға лайықты, пайым-парасаты жоғары бірден-бір азамат. Сондықтан Әділетті Қазақстан құру жолында Қасым-Жомарт Кемелұлының кандидатурасын қолдау маңызды екенін айтады.

"ЖАСТАР РУХЫ" Жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Медет Жорабек -партияның 24-ші Съезіне қатысқандардың бірі. Келелі жиында қабылданған Саяси тұғырнама ел дамуының негізгі бағыттарын көрсетеді – дейді ол.

Медет ЖОРАБЕК, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ "ЖАСТАР РУХЫ" ЖҚ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жастардың да пікірлері айтылып, бүгінгі күні тұғырнаманың қабылданған құжат бойынша жастарға таныстырылым өткізілді. Соның ішінде жастардың айтылған ой-пікірінің бүгінгі құжатқа енгендігі жастарды қуантып отыр.

Шымкенттегі партиялықтар да еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізуде. Басқосуда XXIV Съезд делегаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Раушан Жиренова алдағы сайлау – Тәуелсіз Қазақстан үшін үлкен саяси қадам болатынын айтты.

Раушан ЖИРЕНОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Әділетті Қазақстан құру негізгі бағыты. Әрине, әділет бар жерде, тәртіп бар жерде, заңдылық орындалатын жерде кез-келген мақсаттарға жетуге мүмкіндік бар.

Тараз қаласында Съезд делегаттарының, форумға қатысушылар мен белсенді жастардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Жиынға келген Мүбарак Жинақбаева алдағы сайлау науқаны ашық әрі әділ өтетініне сенім білдірді.

Мүбарак ЖИНАҚБАЕВА, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ӘКІМДІГІНІҢ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫ «ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ» КММ БАСШЫСЫ:

Съезден алған әсерім өте көп. Съезд өткен соң, артынан форум болды. Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басты. Біздің алдымызда түбегейлі саяси, экономикалық реформалар бар. Табысты іске асыру, демократиялық қағидаларға негізделген Жаңа Әділетті Қазақстанды құру міндеті тұр. Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау көрсетіп, біздің нағыз Президент болатынына сеніміміз зор.

Жиналғандар Қасым-Жомарт Тоқаевты Президенттікке кандидат ретінде ұсыну туралы шешімді Халықтық коалиция форумының барлық қатысушысы бірауыздан қолдағанын жеткізді. Бұл – биік мақсатқа жету жолындағы дұрыс таңдау болды – дейді.

А. Задабек