Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Германияда бір аптада үш қанды шабуыл тіркелді

AstanaTV
25.07.2016ж. 20:00
2286
Германияда бір аптада үш қанды шабуыл тіркелді

Германияда үш күн ішінде үш қанды оқиға болды. Барлығы босқындар шабуылы. Алғашқысын 17 жастағы Ауғанстаннан қоныс аударған мигрант ұйымдастырды. Ол электр поезының жолаушыларына балтамен шабуыл жасаған. Екінші қанды оқиға сауда орталығында болды. 18 жастағы Ираннан келген жасөспірім оқ атып, 9 адамды жазым етті. Тағы 35-і түрлі жарақат алды. Кейін лаңкес өз-өзіне қол жұмсайды. Ал үшінші террорлық әркеттен 12 адам зардап шекті. Сириядан келген қашқын бардың ішінде өзін жарып жібереді. Айгүл Әдепбай тарқатады.

40 мың тұрғыны бар Ансбах қаласының тұрғындары Мюнхен мен Вюрцбургтегі жағдайдан енді ес жия бергенде, қайғылы шабуыл өздерінің шағын шаһарларында болды. Сириядан шыққан 27 жастағы жігіт дәмхананың кіре берісінде өзін-өзі жарып жіберді. 12 адам жарақат алды.

Карла Зайдел, Ансбах қаласының мэрі:

Жарылыс салдарынан 1 адам қаза тапты, 10-нан астамы жарақат алды. Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді. Қазір олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Жарақаттары жеңіл. Мен бұған дейін айтқандай, жарылыс есік жанында болды. Бомба сол жерде жарылды. 

Полиция бұл жағдай ДАИШ лаңкестерінің әрекеті емес деп отыр. Бұл жалғыз жігіттің қарсылығы болуы мүмкін. Өйткені Германия оған босқын мәртебесін бермеген. Ал ондайлар Германияда аз емес. Таяу Шығыстан тек өткен жылы, ресми мәлімет бойынша, миллионнан астам адам қоныс аударған. Сондықтан да Ансбах болсын, жалпы Германия тұрғындары болсын, бұл шабуылдардың басы деп үрейленіп отыр. Өйткені Мюнхенде жарылыс соңғы рет 70-ші жылдары болған. Ол кезде палестиналықтар Израильдің құрама командасын тұтқынға алған.

Томас Дебински, куәгер:

Мен концертті сырттан естимін бе деген үмітпен, осы маңда қыдырып жүрдім. Бір мезетте бір нәрсенің жарылғанын естідім. Не болғанын білмей қалдым. Сосын көмегім тиер ме деп, жарылыс болған жаққа қарай жүгірдім. Адамдар қатты үрейленген. Мюнхенде жақында болған жағдайдан соң, біздің кішкентай қалада ондай нәрселердің болатыны қорқытады.

Өзін-өзі жарған жігіт Германияға Сириядан екі жыл бұрын қоныс аударған. Ангела Меркельдің мигранттарға қатысты жұмсақ саясатынан оған елде қалуға рұқсат берген. Тіпті оған пәтер де берілген. Ал бұл босқын үшін тым жақсы "сыйлық" саналады. Бавария ішкі істер министрі Йоахим Херманн қылмыскердің бұған дейін екі рет есірткімен ұсталғанын және екі мәрте өз-өзіне қол салмақ болғанын хабарлады.

Йоахим Херманн, Бавария ішкі істер министрі:

Бұл мен үшін және Баварияның көптеген тұрғындары үшін өте жаман апта болды. Бірінші шабуыл дүйсенбі күні Вюрцбургқа баратын поезда болды. Одан соң жұма күні Мюнхенде, енді міне тағы бір шабуыл. Мен ішкі істер министрі қызметінде тоғыз жыл істеймін. Осы уақытта мұндай оқиға болған емес. Мен мұндай оқиғаларды қайтып бастан өткермеймін деп үміттенемін. 

Германия халқы үрей құшағында. Бүгін Баден-Вюртемберде тағы бір сириялық босқын аяғы ауыр әйелді пышықтап тастады. Полицияның қолына түскенше, ол көшедегі тағы 5 адамға пышақ салып үлгерген. Оның Германияға Алепподан бір жарым жыл бұрын қоныс аударғаны белгілі болды. Және осы уақытқа дейін өзін жақсы жағынан ғана көрсеткен.

Айгүл ӘДЕПБАЙ