Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

«Біреуі болса, біреуі жоқ, шамасы бұл салада жүйелі жұмыс жоқ», - Е.Бейсенбаев

AstanaTV
12.10.2022ж. 20:00
1541
«Біреуі болса, біреуі жоқ, шамасы бұл салада жүйелі жұмыс жоқ», - Е.Бейсенбаев

«Біреуі болса, біреуі жоқ, шамасы бұл салада жүйелі жұмыс жоқ». Мәжіліс депутаттары үкімет мүшелерінің жұмысына шүйлікті. Елімізде шешімін таппаған мәселе көп. Жол сапасыз, құрылыс аяқсыз, мемлекеттік бағдарламалар тиісті деңгейде жүзеге асырылмайды. Неге? Халық қалаулылары осы сұрақты Үкіметке қойды.

Депутаттар «сапасыз жол - коррупция мен жауаптылардың салғырттығының салдары» дейді. Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдады. Олардың айтуынша, жол құрылысы саласын реформалау керек. 2022 жылдың 8 айында республика жолдарында 9 430 жол-көлік оқиғасы тіркелген, 1 480 адам қаза тауып, 12 400 адам жарақат алған. Оның ішінде «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомобиль дәлізі бойында 317 жол көлік оқиғасынан 147 адам көз жұмып, 560 адам жарақаттанған.

Самат МҰСАБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Мердігер компаниялар жүк тасымалдағыш вагондардың жетіспеушілігі, құрылыс материалдары мен битум тапшылығы, инфляцияның әсері кері ықпал етіп отырғанын айтып отыр. Бұл тұрғыда компаниялардың уәждерін дұрыс деп санаймыз, өйткені онымен Үкімет айналысуы керек. Мемлекет басшысының берген тапсырмалары қашан іске асырылады? Автомобиль жолдарының инфрақұрылымы қашан талапқа сәйкестендірілмек?

Мәжіліс отырысында тағы бір өзекті мәселені көтерген Елнұр Бейсенбаев та үкіметке айып тақты. Әуе жолдарымен саяхаттауға қатысты шағым көп екенін айтты. Әуе билеттері қымбат, қызмет көрсету сапасы төмен. Ал «Қазақстан темір жолы» компаниясының туризм бағытын дамытуға қауқары да, ниеті де жоқ сияқты деді. «Турист болса – маршрут жоқ, маршрут бар да – инфрақұрылым жоқ, инфрақұрылым болса – ұсынатын өнім жоқ. Біреуі болса, біреуі жоқ, шамасы бұл салада жүйелі жұмыс жоқ» деп ашынды.

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Тіпті Мемлекет басшысы бұл мәселені шешетін уақыт жетті деп Үкіметті сүйрелеп жүргенін білеміз. Жыл басында депутаттардың табанды қолдауымен туризм саласын дамытуға оң әсер беретін бірнеше жаңа ұсыныс енгізілген еді. Бірақ, бұл мәселеде де бюрократиялық шырмаулар көбейіп, «Kids go free» бағдарламасымен 10 айда небәрі 1200 бала ғана әуе сапарларын тегін пайдалана алған, жоспар бойынша кемінде 100 мың баланы қамтимыз деп еді. Баланың ұшу билеті қайтарылады дегеніміз қайда?

Мәжіліс төрағасы бұл мәселелердің қазір өзекті екенін атап өтті. Сондықтан Үкімет бір шешім қабылдауы керек.

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз шынында көп жылдан бері селқос, жүйесіз жұмыстың арқасында көптеген позициямызды жоғалтып жатырмыз. Көрші мемлекеттер алып кетіп жатыр. Сондықтан толық мен қолдаймын. Әріптестер де қолдайды деп ойлаймын. Келесі отырысқа шақырайық үкімет мүшелерін. Осы мәселені егжей-тегжейлі қарайық. Неліктен біз бұл жұмысты қалай жүйеге қоямыз, қандай нәтиже шығарады. Қандай жоспарлар бар соның бәрін бізге келіп айтсын.

Депутаттарды денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктер, медициналық қызмет сапасының төмендігі, дәрігерлер жалақысының аздығы алаңдатады. Бұл орайда да депутаттық сауал болды. Ғалымжан Елеуовтың айтуынша, білікті мамандар көбіне шетелге кетеді. Халық сапалы қызмет іздеп шекара асады. Бұған қашан тоқтау болмақ? Депутат Президент тапсырмасын орындамай отырған Үкіметтің осы сұраққа жауап беруін талап етті.

Ә. Дүкембаева