Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Құрылтайшылар арасындағы даудан Астана-Павлодар тас жолы құрылысы тоқтап, жұмысшылары таратылған

AstanaTV
25.07.2016ж. 20:00
2852
Құрылтайшылар арасындағы даудан Астана-Павлодар тас жолы құрылысы тоқтап, жұмысшылары таратылған

Астана-Павлодар тас жолындағы құрылыс жұмыстары толықтай тоқтап, жұмысшылар таратыла бастады. Оған құрылысшылар арасындағы сот процесі себеп. Бұл туралы арнамызға жұмысшылар хабарлады. Бірақ бас құрылтайшы «АвтоДорСервис» ЖШС-і акционерінің бірі Виталий Процентов, жұмыстар жуық арада жандануы мүмкін екенін, телефон арқылы айтты. 

Оның хабарлауынша, республикалық маңызды жоба төңірегіндегі дау-дамай мамырдан басталған. Екінші тарап компанияның басшылығына өз адамын заңсыз тағайындаған. Бұған келіспеген Виталий Процентов сотқа жүгінуге мәжбүр болғанын жеткізді. Алайда, бұл әрекеті кәсіпорынның есеп-шоттарын бұғаттауға әкеледі. Салдарынан «Орталық-Шығыс» автобанының Пограничник ауылы мен Ленин кенті арасындағы құрылысты жүргізген 450 жұмыскер үш айлық еңбекақысынан қағылып отыр. Қажет материалдар мен жанармайдың жоқтығынан қосалқы мердігер құрылыс жұмыстарын толық тоқтатқанын айтты. Процентов мырзаның есептеуінше, бір күндік іркілістің шығыны 15,6 млн теңгені құрап отыр.

Виталий Процентов, «Автодорсервис» ЖШС құрылтайшысы:

Сот процесі кезінде салықты төлеуге, адамдардың жалақысын беріп, жанармай мен құрылыс материалдарын алуға қажет қаржыны аудару үшін қосымша шот ашуды ұсындым. Бұл шотты тапсырыс берушінің тікелей бақылаумен ғана пайдаланатын боламыз. Ұсынысымды оппонентім қарастыратын болған. Күтіп отырмыз. Бүгін-ертең шешіліп қалар деген үмітіміз бар. Мәселе оң шешімін тапса, бірден жұмысқа қайта кірісеміз.

Құны 10 млрд теңгеге бағаланған «Орталық-Шығыс» республикалық жобасының жұмысы 2017 жылы аяқталуы тиіс. Үш айға жуық еңбекақысын ала алмаған жол жөндеушілер Астана-Павлодар-Өскемен тас жолының бір бөлігіндегі құрылысты тоқтатты. Анықталғандай, құрылыс екі ауысымда, еш ауытқусыз жүргізіліп келген. Олар 25 шақырымдай аумақты мерзімнен бұрын тапсыруды жоспарлапты.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ