Спорт Қазақстан
$443.72 €482.28 ₽4.9
×

Шымкентте дизель отыны тапшы

AstanaTV
25.07.2016ж. 20:00
2766
Шымкентте дизель отыны тапшы

Шымкентте дизель отыны тапшы. Жағармай көптеген май құю бекеттерінде шекті мөлшерде ғана босатылса, кейбірінде тек қана талонмен құйылып жатыр. Екінші аптаға жалғасқан тапшылықтың бір себебі көршілес қырғыз еліндегі жағармай бағасының қымбаттауымен байланысты көрінеді. Нақты себеп неде? Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты.

Шымкенттегі жанар-жағармай бекеттерінде дизель отыны тапшы. Әсіресе ауыр жүк көлік иелеріне қиын болып тұр. Айтуларынша, көп жерде талон талап етеді. Мұндай қиындық аудандарда да кездеседі, - дейді олар. 

Көлік жүргізуші:

Аудандарда 1-2 мың теңгеге ғана құйып жатыр. Оның өзі бір бекетте болса, екіншісінде жоқ. Мұндай қиындықтың туындағанына он шақты күн болып қалды. Бүгін қайта жолым болды десем болады. Шымкентке келіп оңай құйып шыққаныма қуанып тұрмын.

Қалыптасқан ахуалды май құю стансасындағылар да жасырмайды. Үнемдеуге көшіпті көпшілігі. Тәулігіне 500 литрден, әрі кетсе, 1 тоннадан артық сатпайды. Тапсырма солай дейді.

Жеңіс Бахадыров, май құю бекетінің операторы:

Августке дейін үнемдеп жатыр бізді. Белгілі мөлшерде ғана, тек қана талонға ғана беріліп жатыр. - Лимит?-Лимит 500 литрге дейін күніне, сондай болып жатыр. - Не себепті? - Ол жағын білмедім.

Оператор қыз кассада отырған: - Дәл қазір менде 500 литр да. Әлі айтқан жоқ маған осынша құй деп. - Сізде шектеу ме әлде еркін беріп жатырсыз ба? - Еркін болғанда, 2мың теңгеге құй дейді. - Бір машинаға қаншадан беріп жатырсыздар? - Қазір 2-3 мыңнан.

Бекет қожайындарының білуінше, бар гәп дизель отынының шетел асуында көрінеді.

Тұрсын Әлсатов,  кәсіпкер:

Көбі осыдан бір екі апта бұрын Қырғызстанда өте қымбат екен, шекара ашық болған. Сол кезде тасып алып кеткен сол жаққа. Осы жақтан сатып алып, солай деп естідік.

Мұны облыстағы жанар-жағармай қауымдастығы төрағасы да жоққа шығармайды. Десе де жергілікті мұнай өңдеу зауыты тарапынан күтіліп отырғанда кінәрат бар көрінеді. Қайыпбек Қамбаровтың айтуынша, шілде айына тиесілі 26 мың тонна жағармайдың әлі 6-7 мыңы зауытта жатыр.

Қайыпбек Қамбаров, ОҚО «Жанар-жағармай» қауымдастығының төрағасы:

Біздің мәліметтер бойынша, қырғыз мемлекетінде бағаның 151 теңгеге көтеріліп кеткені, оның үстіне, өздеріңіз білесіздер, Ресейде бағаның 160 теңгедей екенін, бірінші мәселе - Қырғызстанға байланысты бағаның өсіп кетуі. Оның ішінде екінші мәселе - өзіміздің тапшылық жетіспеушіліктің арқасы, ол бір жағынан зауыттардан да өз графиктен қалып жатқан есебі. Біздің есітуіміз бойынша, Алматы қаласына зауыттардан бірінші кетіп жатыр, одан кейін Астана қаласына.

Дейтұрғанмен, дизель отынындағы тапшылық ауыл шаруашылық саласына кедергі келтіріп отырған жоқ. Жергілікті билік осылай деп сендіріп отыр. 

Айзада Төребекқызы, тілші:

Ал «Жанар-жағармай» қауымдастығы төрағасының сөзіне сенсек, қалыптасқан бұл қиындық тамыз айынан бастап шешіледі. Тек мұндай жағдай тағы қайталанбас үшін, көрші қонған мемлекеттермен сұйық отынның бағасын біртіндеп теңестірген абзал деген пікірде. Яғни бақандай елу теңге айырмашылық құлқынның қамын күйттегендердің қызығушылығын тудырмай қоймайды.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ