$498.34 €519.72 ₽4.85
×

"Күйшілер аллеясы" мен 101 күйшінің есімі жазылған мемориал ашылды

AstanaTV
17.10.2022ж. 20:00
3470
"Күйшілер аллеясы" мен 101 күйшінің есімі жазылған мемориал ашылды

Республика күніне орай, Астанада "Күйшілер аллеясы" ашылды. Сондай-ақ 101 күйші-композитордың есімі жазылған мемориал ашылды. Қазақ мәдениетін күллі әлемге танытқан күйшілер ұлықталған шара жайында, толығырақ келесі материалда.

Күй – қазақпен мәңгі жасайтын рухани жәдігер. Өнерімен әлемді мойындатқан күйшілердің есімі жазылған мемориал - күй анасы Дина Нұрпейісованың ескерткіші жанынан орнатылуы тегін емес. Бір ғана ескерткіш бүгінде композициялық кешенге айналды. Идея авторлары бұл жер болашақта әрбір азаматтың сүйікті орнына айналады деп сенеді.

Төлеген ҚУАНЫШЕВ, ИДЕЯ АВТОРЫ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «КҮЙ АНАСЫ» ҚОРЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бүгін, міне аспалы аркамызды орнатып отырмыз. Әуелі кірген уақытта біздің еліміздің уәкілдерінің барлығы жүрегіне қозғау салатын белгі. Шаңырақ дегеніміздің өзі. Біз қазақ елінде тұрамыз. Бұл жер қазақ елінің жері деген сезім туғызамыз.

Аллея биыл тұңғыш рет тойланатын - Республика күніне орай ел игілігіне берілді. Жаңа мерекенің бастауы ретінде ашылған мемориал тастың ені 3, ұзындығы 2 метрді құрайды. Есімі тасқа қашалған 101 күйші композиторларды - Құрманғазы атындағы консерваторияның ғылыми кеңесі таңдаған.

Марат МҰСТАФИН, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:

Бұл күн ұлттық аспап домбыраға жасалған құрмет деп білемін. Мен ойлаймын домбыра арқылы күй ғасырлар бойы қазақ халқына қуаныш сыйлаған. Домбыраның мыңжылдық тарихы - ел басына қандай күн туса да еңсеруге үйретті. Бүгінгі аллеяның ашылуы келешек ұрпақтың дұрыс тәрбие алуына да ықпал етеді деп сенемін.

Қоғам қайраткерлері бұл жұмыстың басы деп отыр. Күйшілер мемориалы өзге өңірлерден де ашылып, көше аттарына есімдерін беру әлі де жалғасатына сенеді.

Р. Бақытжанқызы