Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Қонаев қаласы маңызды облыс орталығына айналады – Тоқаев

AstanaTV
19.10.2022ж. 20:00
2518
Қонаев қаласы маңызды облыс орталығына айналады – Тоқаев

Мемлекет басшысы Алматы облысына жұмыс сапарымен барды. Облыс орталығы мәртебесіне ие болған Қонаев қаласын дамытудың алғы шарттарымен танысты. Президент халықпен кездесіп, әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселерге тоқталды.

Жетісу жерінде дербес құрылған өңір - Қонаев қаласын маңызды облыс орталығына айналдыру қажет. Үкімет бұған қолдау білдіретінін айтты. Халық саны ең көп аймақтардың қатарында екенін ескеріп, мұнда білім беру және медицина инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығына тоқталды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Менің тапсырмам бойынша ауылдың денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға арналған ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында осы өңірде үш жылдың ішінде 38 емдеу орны салынады. Алайда мұның өзі жеткіліксіз. Облыс әкімдігі қай жерге, қанша емдеу мекемесі қажет екенін мұқият зерделеуі керек. Содан соң Үкімет нақты шаралар қабылдайды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы шамадан тыс жүктемені азайту үшін келешекте Қонаевта «академиялық қалашық» құру идеясын ұсынды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жастардың Алматы сияқты ірі қалада оқып, жұмыс істегісі келетіні түсінікті. Дегенмен Қонаев студенттер үшін өте ыңғайлы қала болар еді деп ойлаймын. Бұл жақта жатақхана салуға жер жеткілікті, пәтер жалдау да қымбат емес. Құзырлы министрлік Қонаев қаласында Алматыдағы жоғары оқу орындары мен колледждердің бөлімшесін ашу мәселесін қарастыруы керек.

Мемлекет басшысы облыста көлік-логистика әлеуетін арттыру – басты басымдықтың бірі екенін айтты. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, жолаушы және жүк тасымалының мүмкіндігін кеңейтуді тапсырды. Сонымен қатар, өңір жеміс-жидек өсіруге қолайлы бола тұра, іске аспай жатқанын айтты. Президент мемлекетіміз тұрақты дамуы үшін азаматтарымыз бәсекеге қабілетті болуы керектігін айтып, заманға сай мамандық алуға, еңбек пен білім культі орныққан қоғамға айналуға үндеді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бабаларымыз «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деп айтқан. Шын мәнінде, жастар неше тіл білсе, алдынан сонша елдің есігі айқара ашылады. Бұл туған еліңнің мүддесіне қызмет ету үшін қажет. Дегенмен, ең алдымен, жастарымыз ана тілін – қазақ тілін білуі керек.

Жиында мемлекет басшысы қаңтар оқиғасына қатысты да пікір білдірді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Олар халқымыздың түпкі мүддесіне мүлдем сай келмейтін жеке мақсатты көздейді. Жуық арада мемлекетке сатқындық жасағандар, екіжүзділік және қорқақтық танытқандар сот алдында жауап береді. Қайғылы жағдайға жол берген немесе арандатушылық әрекет жасағандардың істері бойынша тергеу жалғасады.

Жиыннан соң, президент Дінмұхамед Қонаев ескерткіші жанындағы аллеяда еңбек ардагерлерімен, танымал спортшылармен жүздесті

Қасым-Жомарт Тоқаев G4 City жобасымен танысты. Мемлекет басшысы инвесторларға G4 City қаласында қолжетімді баспана салу, қала орналасатын аумақ халқын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін қарастырып, жобаның әлеуметтік жағына да мән беру керек екенін ескерті.

Б. Сатуов