$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қаңтар оқиғасы: Мәжіліс рақымшылық туралы құжатты мақұлдады

AstanaTV
19.10.2022ж. 20:00
2150
Қаңтар оқиғасы: Мәжіліс рақымшылық туралы құжатты мақұлдады

Қаңтар оқиғасы бойынша 1,5 мың адам рақымшылыққа ілігеді. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасын мақұлдады. Бұған дейін Президент өз Жолдауында да осы мәселені көтерген еді. Бүгінде Қаңтар оқиғасына қатысты 1060 адамға сот шешім шығарып, тек 106-сы бас бостандығынан айырылған. Сонымен рақымшылыққа кімдер ілігеді? Кімдер ілікпейді? Әріптесім Ақбота Базарбай жалғастырады.

Бұл Заң жобасын Мәжілістегі Заңнама және сот-құқықтық комитетінің депутаттары әзірленген. Олар қаңтар оқиғасы бойынша қамалған әрбір адамның, нақты баптары жіті қаралып, оқиғалар бойынша барлық іске талдау жасалғанын жеткізді. Ауырлығы орташа қылмыстар үшін күдікке ілікендерді жазадан босатуды көздейді. Ал қылмыстары үшін жазасын өтегендерден, сотты болғандығы туралы мәлімет алынып тасталмақ.

Гүлнар БИЖАНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Рақымшылыққа іліккен азаматтар тобы анықталды. Ол үшін нақты уақыт аралығы белгіленді. Бұл 4 пен 7 қаңтар аралығы болып табылады. Бұл кезең басқа қылмыстардың осы заңға жатқызылмауы үшін жаппай тәртіпсіздіктермен байланыстырылды. Ал ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға мерзімдерді қысқарту көзделген. Ауыр қылмыстар үшін сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар үшін мерзімнің жартысы қысқарады.

Бірақ рақымшылық - келтірілген залал үшін жауапкершіліктен босатпайды. Жазасын жеңілдеткісі келген айыпты, кінәсін де, келтірген шығынды да мойындауы керек. «Атамекен» палатасының мәліметінше, бизнеске келген жалпы шығын 90 миллиард теңгеден асқан. Ал азаптау қылмысы бойынша күдікке іліккендерге рақымшылық жасалмайды. Қазір жалпы 29 адам азаптауға қатысты қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Оның 17-сі полиция, қалған 12-сі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері.

Әсет ШЫНДАЛИЕВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазіргі кезде құқық қорғау саласындағы 49 адам жауапкершілікке тартылып жатыр. Оның біреуіне ғана рақымшылық қолданылуы мүмкін. Ол іс әлі сотқа жолданған жоқ. Күдікті қылмысты жасыру дерегі бойынша тергеліп отыр. Ал қалғандары азаптау мен билікті асыра пайдалану істері бойынша тергелді.

Айта кетейік, рақымшылыққа іліккендерге бей әлеуметтендіру мәселесі де қаралған. Яғни жұмысқа орналастыру, медициналық көмек көрсету, құжаттарды рәсімдеу сияқты көмектер жасалады. Ал баратын жері жоқтарға, арнайы орталықтардан орын берілмек. Жалпы рақымшылыққа шамамен 1,5 мың адам ілігеді. Олардың дені – жаппай тәртіпсіздікке қатысқандар, ұрлық және басқа да орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандар. Терроризм, экстремизим, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушыларға кешірім берілмейді.

А. Базарбай