Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Солтүстік Қазақстанда жас жігіт өгей әкесіне 28 рет пышақ сұққан

AstanaTV
20.10.2022ж. 20:00
1623
Солтүстік Қазақстанда жас жігіт өгей әкесіне 28 рет пышақ сұққан

Солтүстік Қазақстанда жас жігіт өгей әкесіне 28 рет пышақ сұққан. Қанды оқиға Есіл ауданының орталығы Явленка ауылында болды. Ауыр жарақат салдарынан 46 жастағы ер адам сол жерде көз жұмған. Әке мен бала арасындағы жанжалға не себеп? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин толығырақ айтады.

Явленкадағы жантүршігерлік оқиға ауыл жұртының төбе шашын тік тұрғызды. Бізге телефон арқылы хабарласқан Александра Егоренко бұл қылмыстың көз алдында болғанын айтады. Қылмысқа күдікті оның жігіті көрінеді. Өгей әкесі оған және шешесіне күн көрсетпейтін дейді.

Александра ЕГОРЕНКО, КУӘГЕР:

Дмитрийдің өгей әкесі біздің көзімізше анасын соққыға жығып, шашынан жұлқып, далаға сүйреп алып шықты. Кейін Дмитрийді де бірнеше рет ұрды. Менің жігітім оны бірнеше рет сабырға шақырды. Сосын шыдамай пышақтап тастады. Артынша өзі полицияны шақыртты.

8 жылдан бері осында тұратын отбасы көрші-қолаңмен қоян-қолтық араласпаған. Сондықтан оларды білетіндер аз. Кейбіреулер ғана ерлі-зайыптылардың ішімдікке құмар болғанын айтады.

Галина КУДРЯВЦЕВА, ЯВЛЕНКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Отағасының тұрақты жұмысы болған жоқ. Арақты ара-тұра ішіп тұратын. Ал әйелі маскүнем болды. Сол үшін күйеуі оны сабап отыратын. Ал шешесін қорғамақшы болған бала оған 28-30 рет пышақ сұқты дейді.

Прокуратура бұған қатысты қылмыстық іс қозғады. Құзырлы орган өкілдері жас жігіттің қылмысты мас күйінде жасағанын растап отыр.

Тыныбек САПАРОВ, СҚО ЕСІЛ АУДАНЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ:

Есіл ауданының полиция бөлімі осы факті бойынша қылмыстық кодексінің 99 бабы бірінші бөлігі кісі өлтіру бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізіліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу барысы облыс және аудан прокуратурасының бақылауына алынды.

Енді 24 жастағы жігіт бұл әрекеті үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал оның 3 жасар қызы бар.

А. Құрманкин