Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Көкарал бөгетінің бір бөлігін су шайып кеткен

AstanaTV
20.10.2022ж. 20:00
2118
Көкарал бөгетінің бір бөлігін су шайып кеткен

«Мемлекет басшысының Көкарал бөгетін нығайтуға берілген тапсырмасы ескерусіз қалды». Бүгін Үкімет отырысында сенатор Мұрат Мұхамедов осылай деді. Премьер министрге депутаттық сауал жолдаған ол, бөгетті шұғыл түрде күрделі жөндеуден өткізбесек, кіші аралдан айырылып қалуымыз мүмкін деді. 2005 жылы аймақта Аралды құтқару үшін Көкарал бөгеті салынған болатын. Соның нәтижесінде теңіз қалаға жақындап, балық түрі көбейіп, өңір тұрғындарының әл-ауқаты біршама жақсарды. Алайда, бүгінде ғасыр жобасы аталған стратегиялық нысанды су шайып жатыр. Бір шеті мүжілген. Оны арнайы құрылған комиссия зерттеп-зерделеді. Бөгетке енді жөндеу жүргізу керек.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында республикалық бюджеттік комиссияның отырысында жобаны іске асыруды бастауға 500 млн.теңге бөлінді. Алайда, 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетте осы жобаны қаржыландыруға қаржы қарастырылмаған. Президенттің Көкарал бөгетін нығайтуға берген тапсырмасы ескерусіз қалған.

Көкарал бөгетінің ұзындығы - 13 шақырым. Соның 200 метріне зақым келген. Ол тезірек жөнделмесе, экономикалық ғана емес, экологиялық зардабы зор болады дейді мамандар.

Қайрат ЖАНСҰЛТАНҰЛЫ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бөгет шайылып кетіп жатса, судың барлығы ұлы теңізге кетіп, балықтың бәрі қырылады. Ол үлкен экологиялық зардап әкеледі. Бұл жоба өте маңызды облыс үшін. Облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында. Облыс әкімдігі тарапынан үнемі министрлікке хаттар жолданып келеді.

М. Тоқтасынқызы