Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Баласынан айрылған ана 10 миллион теңге моральдық өтемақы талап етті

AstanaTV
26.07.2016ж. 20:00
4212
Баласынан айрылған  ана 10 миллион теңге моральдық өтемақы талап етті

Қостанай облыстық туберкулезге қарсы диспансері баласынан айрылған анаға 5 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуі тиіс. Бүгін қалалық сот осындай шешім шығарды. Дәрігерлердің кесірінен баласынан айрылған Зәуреш Дүйсембина шілде айының басында қалалық сотқа жүгініп, азаматтық талап-арыз түсірген. Талапкер облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен туберкулезге қарсы диспансерден 10 миллион теңге моральдық өтемақы өндіріп беруді талап етті. Алайда сот бүгін оның шағымын жартылай қанағаттандырды.

Қымбат Жолкенова, Қостанай қалалық сотының судьясы:

Қостанай облыстық туберкулезге қарсы диспансерден Дүйсембинаның пайдасына 5 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы өндірілсін және 250 мың теңге көлемінде сот барысында жұмсалған шығындар өтелсін. Талап-арыздың қалған тұстары қараусыз қалдырылсын.

Зәуреш Дүйсембина:

Менің қайғымды, жан-дүниемдегі жараны қаражатпен өлшеу мүмкін емес. Қайткенмен сот әділ шешім шығарды деп ойлаймын. Сот шешімімен келісемін.

Еске салайық, Зәуреш Дүйсембина 6 жыл бұрын өкпе ауруына шалдыққан 4 жастағы сәбиін облыстық туберкулезге қарсы диспансерге емдетуге әкелген. Бірақ кішкентай балғынның бауыры әсері күшті препараттарды көтере алмай, екі айдан кейін көз жұмады. Сәбидің өліміне диспансердің бұрынғы бөлім меңгерушісі Айнаш Қалжанова мен фтизиатр дәрігер Светлана Балицкаяның қатысы бар болып шықты. «Кәсіби міндетін дұрыс атқармады» деген айыппен қос дәрігерлерге ақпан айында бас бостандықтарынан айрылу жазасы кесілген еді. Алайда, қылмыс жасалғаннан бергі мерзімнің өтіп кетуіне байланысты, ақ халаттылар жазасын өтеуден босатылған еді.

Заңғар САНАЙ