Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Тараздың жасыл желегі жапырақсыз қалмақ

AstanaTV
27.07.2016ж. 20:00
3892
Тараздың жасыл желегі жапырақсыз қалмақ

Таразда сары қоңыздар қаптады. Қанатты зиянкестер көшелердегі тал-теректерді кеміріп, қаланың сәні кете бастады. Экологтар олардың негізгі қорегі қара ағаштар дейді. Ал Тараздағы жасыл-желектің 70 пайызын қара ағаштар құрайды. Әкімдік қайтпек? Тілші анықтады.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Қазір қалада қыркүйек не қазан айы емес. Дегенмен де, көшелерде күз келген секілді көрініс. Ағаш-талдар шетінен жапырағынан айрылып, жалаңаштанған. Еліміздегі ең жасыл қала Тараз екенін ескерсек, бұл жағдай тұрғындардың таңданысын тудырып отыр. Зиянкестердің шабуылы бұлай жалғаса берсе, Тараздың талсыз қалатын түрі бар.

Ақнұр Сәрсенбек, Тараз қаласының тұрғыны:

Мен мұндай жағдайды өмірімде бірінші рет көріп тұрмын. Мұндай жағдай болмаған, көрмегем. Дәл қазіргі жағдай сарғайып кетудің өзін білмеймін, ол енді әкімшіліктің жұмыс істемегенінен шығар. Дер кезінде дәрі екпеуінен болуы мүмкін.

Роза Канибетова, Тараз қаласының тұрғыны:

Бірақ та қазіргі жағдай жапырықтарымыз, талдарымыз қурап, күз келмей жатып осындай жағдайға түсіп жатырмыз.

Экологтар жаздың ортасында ағаштардан ажар кетуін бұрын болмаған сүйкімсіз құбылыс деп отыр. Олар бұл жағдайды ауа-райынан көреді. Жауын-шанынның жиі болуы «қара ағаш жапырақ жегіші» зиянкесінің пайда болуына әсер еткен. 

Юрий Пасечный, Жамбыл облысы бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:

Қазіргі ылғалды ауа-райы зиянкестердің көбеюіне көмек болып тұр. Осындайда олар жерден жоғарыға ұшып шығады.  Олар дәл шегірткелер сияқты бірнеше жылда бір рет шектен тыс көбейеді. Енді оларды тоқтату қиын. Қалада қазір олармен күресу де қауіпті. Адамдар жүреді, дәрі себуге болмайды. Өйткені  қала - орманды алқап емес. Ең дұрысы, қайта әктеу керек. Сонда  50 пайызға азаяды.

Ал, жергілікті әкімдіктегілер қаланың жасыл келбеті сақталады деп сендірді. Дәрілеу жұмыстарын дер кезінде жүргізіп жатқанын айтады. Ал, экологтар ескерткендей химиялық улаудан қала халқына қауіп жоқ деп отыр. 

Абзал Тілеубаев, Тараз қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы:

Дәрілеу жұмыстары түнгі сағат 4 пен 7 шамасында жүргізіледі. Мынау жол қозғалысы жоқ кезде. Ең жақсы эффект беретін препарат - «Каратэ» деп аталады. Оның әсер етуі  95 пайызға дейін. Бұл адам ағзасына ешқандай зиян келтірмейтін препарат. Халық арасында әр түрлі сөз, пікірлер жүріп жатыр. Бірақ алаңдайтын ешқандай жағдай жоқ. Бақылауда ұстап отырмыз.

Жамбыл облысы - жасыл желекті аймақ. Сондықтан экологтар бұл жәндіктердің жауын-шашын жиі болса, басқа аудандарға таралуын ескертеді.  Ал, жергілікті билік өкілдері  зиянкестерді екі аптада түгел жоямыз деп отыр.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ