«Бізді құл санайды». Ленин шахтасында қаза тапқандардың туыстары осылай дейді. Айтуынша, Арселор Миттал Теміртау компаниясы шахталарды еш жаңартпаған. Олар Үкіметтен осыған қатысты шара қолдануды сұрайды. Қазір қаралы 5 отбасы марқұмдарды жерлеуге дайындалып жатыр. Ал ауруханадағы 4 кеншінің екеуінің жағдайы әлі ауыр. Тілшіміз Айжан Қуаштың репортажы.
29 жастағы Арман арманда кетті,- дейді туыстары. Ол екі бірдей отбасының жүгін арқалаған мақсаты биік азамат болған. Шахтада 10 жыл жұмыс істеген соң жеке кәсіп ашам деп жүріпті. Алайда міне 8 жылдан соң жер қыртысын бұрғылау кезінде мерт болды. Артында кішкентай ұлы мен жары, ата- анасы қалды.
Жұмат ХАМИТЖАНОВ, МАРҚҰМ АРМАН КАШКЕЙДІҢ ТУЫСЫ:
Ертең баласын оқытып адам ғылып өсірем деген бала жоқ. Әкесі де жылап жатыр, шешесі де өлейін деп жатыр, уколмен жатыр. Оған Еңбегіміз оған тұрмайды, адамның өмірі тұрмайды оған.
Мәжіліс депутаты Гүлнар Бижанованың айтуынша, Арселор Миттал Теміртау қаза тапқандардың отбасына ұжымдық келісімшартта көрсетілген өтемақының барлығын төлейді.
Гүлнар БИЖАНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Ұжымдық келісім шартта көрсетілген көмектің барлығы көрсетіледі.Бұл 18 және 23 жасқа дейінгі балаларына төленетін бір реттік өтемақы, оқу орындарының ақысы, Қарағанды облысының аумағында отбасының қалаған қаласынан пәтер алып береді, бір реттік он жылдық жалақы. Компания кәсіпорындарына отбасындағы жақындарын, әйел, балаларын жұмысқа орналастыру кіреді.
Алайда Ленин шахтасында қаза тапқандардың туыстары Арселор Миттал Теміртау компаниясының жәрдемақыларымен ештеңе шешілмейтінін айтады. Олар компания шахталардағы қондырғыларды жаңартпайынша, адам өлімі тоқтамайтынын алға тартып, үкіметтен қатаң шара қолдануды сұрайды.
Жұмат ХАМИТЖАНОВ, МАРҚҰМ АРМАН КАШКЕЙДІҢ ТУЫСЫ:
Мен де өзім шахтада істеймін. Жұмыс қиын, оған көп жағдай істеу керек. Оны істемесеңіз осындай жағдай бола береді. Темір де тозады, адам да тозады. Оған дайындық керек, неше түрлі саймандар керек, оған ешқандай көмегі жоқ Арселор Митталдың. Олар өздерінің пайдасын ғана ойлайды, олар ешқашанда бізді құл деп санайды.Біз олардың құлдарымыз, ондай болмау керек.
Марқұмдардың денесі ертең жер қойнына тапсырылады. Ал ауруханадағы 4 кеншінің екеуінің жағдайы әлі ауыр. Олар метан газына уланып қана қоймай, ауыр жарақаттанған.
Ғабит МАХАМБАЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ Х.МАҚАЖАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАСЫ НЕЙРОХИРУРГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Екеуіне де операция жасалды. Екі операция да жақсы өтті. Сынған сүйектері миынан алынып, қанды тоқтаттық. Жағдайы қалыпты, қазір есінде.
Метан газы жарылған Ленин шахтасы қазір тоқтап тұр. Газды сыртқа шығару, су сорғызу жұмыстары жүріп жатыр. Басқа 7 кен орны бүгін көмір қазуды бастады. Үкіметтік комиссия 10 күндік тексеруден кейін Арселор Миттал Теміртауға қатысты қатаң шара қолданатындарын мәлімдеді.
А. Қуаш