$480.55 €533.75 ₽5.36
×

"Пеш жарылады",- Павлодар қаласының тұрғыны

AstanaTV
08.11.2022ж. 20:00
1321
"Пеш жарылады",- Павлодар қаласының тұрғыны

Павлодарда биыл ғана қолданысқа берілген үйлердің сапасы сыр берді. Күн суытқалы баспананың қабырғасы көгеріп, әйнектері булана бастаған. Бұған дейін де тұрғындар мәселені айтып, құзырлыларға шағымданыпты. Алайда, әкім қаралар жөндейміз - деп уәде бергенімен, ештеңе істелмеген. Амалы таусылған жұрт арнамыздан араша сұрады.

Көпбалалы ана Гүлнәр Нұрғалиева 10 жыл бойы үй кезекте тұрып, осы баспанаға биыл ғана қол жеткізіпті. Алайда, көптен күткен қуанышы ұзаққа бармаған.

Гүлнәр НҰРҒАЛИЕВА, КЕНЖЕКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Міне, осылай. Күнде күнде жуамыз. Сүртеміз. Мына жақты көрсеңіз, көгеріп жатыр бәрі. Мына бұрыш диван арты бәрі көгеріп жатыр. Су болып жатыр. Осы комната ешкім жатпайды.

Бұл - бір ғана үйдің мәселесі емес. Кенжекөлдегі 20 үйге ортақ түйткіл. Барлығы бірдей мемлекеттік бағдарламамен салынған. Тұрғындардың айтуынша, жылу жүйесінде де ақау көп.

Гүлнұр ТҰҒЫМОВА, КЕНЖЕКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Анау температура көтерілсе, пеш жарылады бүр күні. Үйде балалар бар. Жұмыста отырғанда алаңдап отырмыз. Үнемі пештің қасында бір кісі болу керек үйде. Ал мен күні бойы үйде отыра алмаймын. Жұмыстамын.

Тұрғындар мәселесін айтып, әкімдікке барғанмен одан нәтиже болмапты. Шенділер бәрін жөндеп қатырамыз деп, құрғақ уәдемен құтылды дейді.

Бибігүл ДАЙЫРОВА, КЕНЖЕКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ақыры әкімдік біздің проблемамызды шешіп бермеді. 2 ай күттік. Бірақ, ештеңе істеген жоқ. Содан амалсыз несие алып, өзіміз істеп жатырмыз. Енді мен несие төлеймін бе? Балаларымды асыраймын ба? 7 балам бар.

Ал әкімдіктегілер әдеттегі әнінен жаңылар емес. Қажеттінің барлығын жасап жатырмыз - дейді.

Абылай МУШКЕНОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз бұл үйдің жылу жүйесін, электр желісін, төбе жабындысын қалыпқа келтірдік. Сонымен қатар сантехникалық жұмыстарды да жүргіздік. Жақын арада мердігер терезелердегі ақауларды жөндейтін болады.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Әкімдік бұл үйлерді сатып алуға бюджеттің 350 млн теңгеге жуық қаражатын жұмсаған. Енді олқылықтың орнын толтыру үшін тағы 28 млн теңге керек. Қайран, желге ұшқан ақша дейсің!

Ө. Қуанар