Қазақстанда 350 мыңнан астам адам құмар ойынға тәуелді. Бәс тігіп, басын бәйгеге тіккендердің ертелі кеш барар жері не түрме не өлім дейді мамандар. Бірақ, оны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Құмар ойынға құныққандарды қалай құтқаруға болады? Заңмен шектеу мүмкін бе? Рабиға Бақытжанқызының репортажы.
Айбек те өзін «аурумын» деп санамаған. Бастапқыда букмекерлік кеңсеге барып, ақша тігіп жүргендердің ешбірі өзін «ауру» екенін мойындамайды. Бұл -ойынқұмарларға ортақ симптом.
Айбек:
Менің жағдайым- «низкая самооценка». Ол низкая самооценканы мен қалай көтердім? Қалай ақша ұтамын, достарыма счет төлеп беремін, қызыма сыйлық алып беремін. Маска киіп аламын. Жақсы бір жажорик дейді ғой. Сондай адамның. И олар маған рақметін айтады ғой. Молодецсің деп. Мен сонымен «подпитовалься» азықтандым. Ол абыройымды көтерді. Солай ұнады маған сол сезім.
Қомақты қарызға белшесінен батып адасқан адам жалғыз жол таба алмайды. Өкінішке қарай, бұл процесті емсіз тоқтату мүмкін емес. «Көмек» психологиялық орталығына тәулігіне 20-30 қоңырау түседі. Ем қабылдауға 2-3 адам ғана келеді. Өйткені ем ақша тұрады. Қаражат жетпейді. Барлығы қарызға батқан.
Аманжан ӘБДІКӘРІМОВ, ПСИХОЛОГ-АДДИКТОЛОГ:
Бізде осындай термин бар. «Соцзависимый». Тәуелді адамның қасында тұрған адамдар.Соларды емдемесең, олар бұрынғы сезімдермен қалып қалады. Ренжу, менің баламның күші жоқ. Ол осындай жаман болып кетті. Оны алып тастау үшін туыспен жұмыс жасаймыз. Нәтиже жақсы, шешім бар. Бүгінгі күнге дейін 1000 адамға дейін ем өтті. Оның 80 пайызы таза өмір сүріп жатыр.
Еліміздегі ойынқұмарлардың орташа қарызы 10 миллион теңге шамасында. Қылмыстық әрекеттер мен суицидтің ар жағында осы жатыр дейді мамандар. Отау құрған 10 жұптың 7-еуі құмар ойындардың кесірінен ажырасатын көрінеді.
Руслан БАЙЗАҚОВ, ИМАМ:
Бұл құмар ойынын ойнау да дінімізде тыйым еткен амалдардың бірі. Яғни адамның дүниесіне, ақиретіне де пайдасы жоқ сондай бір Алланың құзырында жиіркенішті болып есептелетін кертартпа жаман амалдардың бірі. Ұтқан табысының өзі дінімізде адал болып есептелмейді.
Еліміздегі ойынқұмарлардың мәселесі жүйелі шешілмей отыр. Қолданыстағы заңнамада букмекерлік орталықтардың жұмысына тыйым жоқ. Құмарлық -айықпайтын дерт. Себебі, адам тірі тұрғанда құмарлық сезімінің болуы заңды дейді. Бұл психологтардың пікірі. Ал, адамды оқшаулау, қамап ұстау мәселені тек ушықтыратынын практика дәлелдеп берген. Өзі ұғып, ойын өзгертіп, іс-әрекетіне жауапкершілік алмаса бәрі бекер.
Р. Бақытжанқызы