Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Таразда «Атшабар» тұрғын үй кешені үлескерлері мен құрылыс компаниясы арасында дау туды

AstanaTV
29.07.2016ж. 20:00
3512
Таразда «Атшабар» тұрғын үй кешені үлескерлері мен құрылыс компаниясы арасында дау туды

Таразда аса ауқымды «Атшабар» тұрғын үйі кешенінің үлескерлері наразылық білдірді. Олар құрылысы 10 жылға жуық созылған кешеннен баспаналы боламыз деп әу баста қаржы құйған. Айтуларынша, үлескерлер 2006-2008 жылдары «НПТЦ SNS» компаниясымен келісімге отырып, әр қайссы 130 мың долларға дейін ипотека рәсімдеген. Олар әлі күнге баспаналары үшін банкке берешек төлеп келеді. Бірақ құйған қаржыларына сай баспанаға жете алмай дал. Данияр Әлімқұл тақырыпты толықтырады.

Бұл Тараздағы аса ауқымды «Атшабар» тұрғын үй кешені. Құрылысы 2006 жылы басталған. Құрылысқа ақша салған тұрғындар 2 жылдан соң қоныс тойын тойлауы керек-тін. Алайда, құрылыс 2015 жылға дейін тоқтап тұрды. Компания директоры үстінен қылмыстық іс қозғалады. Бірақ көп уақыт өтпей, ол қайтыс болады. «НПТЦ SNS» ЖШС мүлкіне тыйым салынады. Әкімдіктің араласуымен құрылысты «Горизонт строй» компаниясы мойнына алады. Үй тапсырылды, бірақ үлескерлер далада жүрміз дейді.

Күлипа Имерова, «Атшабар» тұрғын үй кешенінің үлескері:

Біз «Атшабар» ЖШС үлескерлеріміз. Баспаналы боламыз деп салған салымымыздың қазір тек зардабын шегудеміз. Өз пәтерлерімізді, тіпті ақшамызды ала алмай жатырмыз. Тұрғын үйді салушы Данияр Жетпісбай біздің бәрімізді көзге ілмей жатыр, тіпті билікті де. Келіссөздерге мүлдем келмейді. Баспана болмаса, қаржымызды қайтарсын.

Күлипа сияқты үйсіз қалғандар саны 18. Банктен қарыз алып, құрылысқа ақша құйғандар қарыздарын әлі төлеп жүр. Әрқайсысының 10 миллионға жуық берешегі бар.

Елена Косенко, «Атшабар үлескерлері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы: 

2015 жылдың аяғында «Атшабардың» құрылысы қайта жүре бастағанда, қатты қуандық. Ал бұрын осы құрылыстың қатты ұзарып кеткендігі дау болатын. Кейіннен бізге құрылысты жалғастыратын ұйым пайда болды деді. Сенуімізді қалады. Біз сендік. Уақыт өтті. Бір күні халықтың бәрін жинап, біздің үйлерімізді елге таратып жіберді. Осы ма тапқан шешімдері?

Ал құрылысқа 100 пайыз ақша салғандар үйлерін алған. «Горизонт строй» серіктестігі оларға 42 пәтер берген. Шешілмей тұрған - 18 үлескердің ісі. Әкімдік басшылары олардың қойған талаптары қисынсыз дейді. 

Бекболат Орынбеков, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:

28 үлескерлер 42 пәтерді өздері бөліп алды. «Біз мынаны аламыз, сонымен тараймыз» деп. 18-і айтып отыр: «Біздің қаржымызды беріңіз» деп. Енді «Горизонт Строй» айтып отыр: «Жоқ, мен пәтердің бәрін сатамын. Кезінде сіздер қанша қаржы төледіңіздер теңгемен, соны қайтарып берем» деп отыр. Үлескерлер айтады: «Жоқ, біз оған келіспейміз. Сіз 2 жарым млрд теңге ақша алдыңыздар. Кезінде 1 шаршы метр 60-70 мың теңге тұрды. Қазір 164 мың теңге боп жатыр. Сондықтан ақшаны берсеңіздер, жаңа курспен доллармен қайтарып беріңіздер» дейді. Осындай ортасында дау боп жатыр.

Мән-жайды құрылыс компаниясынан сұрамақ болдық. Алайда, серіктестіктің сенімді өкілі компания директоры елде жоқ екенін айтты.

Сергей, «Горизонт строй» ЖШС өкілі:

Біздің бас кеңсеміз Шымкент қаласында. «Атшабардың» құрылысын жүргізгеніміз рас. Бірақ үлескерлер дауы бойынша ештеңе айта алмаймыз. Қазіргі таңда біз басшымызбен байланыста емеспіз. Данияр есімді директорымыз шетелде жүр.

Ал заңгерлер келісімшартта «ақша жаңа бағаммен қайтарылуы тиіс» деп көрсетілсе ғана, үлескер талабы орындалатынын айтады.

Рахымжан Мұсақұлов, заңгер:

Міндеттемені бір жақ тарап орындамаған жағдайда, осы үлескерлердің төленген ақшасы толығымен қайтарылады және өсімпұлымен қайтарылады, "қазіргі уақыттың деңгейіне қарап" деген жері көрсетілсе шартта, онда үлескерлер ешқандай ұтылмайды. Соны талап етіп, соттан өндіріп алуға болады. Көбіне, үлескерлер оқымай, шартқа қол қойып жібереді.

Енді үлескерлер құрылыс компаниясын сотқа бермек.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ