Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Ерейментауда жел электр станциясы салынып жатыр

AstanaTV
18.11.2022ж. 20:00
2057
Ерейментауда жел электр станциясы салынып жатыр

Ақмола облысында «жасыл» және ресурс үнемдеуші технологияларды пайдалану бойынша 8 жоба жүзеге асырылуда. Жалпы 13 жоба қолға алынған. Тартылған инвестиция көлемі шамамен -285 млрд.теңге.

Ақмола өңірінде 9 жыл бұрын «Родина» Агрофирмасы қуаты 750 кВт жел қондырғысын орнатты. 2015 жылы Ерейментау ауданында «бірінші жел электр станциясы» жел электр станциясын іске қосты. Ал, 2019 жылы жел электр станциясының алғашқы кешені бой көтерді.

Данияр ҚУАНЫШБАЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Бүгінгі таңда өңірде 13 жоба қолға алынған. Оның 8-і Аршалы, Ерейментау, Целиноград аудандарында іске асырылған. Енгізілген энергия нысандарының белгіленген қуаты шамамен 280 МВт құрайды.

Ерейментау ауданында құны 27 млрд. теңге болатын жел электр станциясының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңында пайдалануға беріледі. Ал Аршалы ауданында құны шамамен 98 млрд.теңге болатын 206 МВт жел электр станциясы салынбақшы.

Самат ЕҢСЕБАЕВ, АРШАЛЫ АУДАНДЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІК БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Өндіріс қуаттылығы жылына 100 МВт. 29 генератор салынды. Бұл жоба бір оқпен екі қоянды атуға мүмкіндік беріп отыр. Біріншіден, экономикалық жағынан тиімді болса, екіншіден екі қолға бір күрек таппай отырғандарды еңбекпен қамтиды. 300 жұмыс орны құрылды. Жел электр станциясы Астана қаласын энергиямен қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ, бұл кәсіпорын ауданға 84 миллиард теңге инвестиция құйып, аймақтың дамуына үлкен қолдау көрсетуде.

Өңірде баламалы энергия өндіретін кәсіпорындардың саны аз болғанымен, баламалы энергетиканың дамуы бұл салаға жаңа серпін береді,-дейді сала мамандары. Қазірдің өзінде электр энергиясының жартысына жуығын жаңа нысандар өндіріп отыр. Алдағы уақытта оның үлесі әлі де көбейе түспек.