$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылордада жылыжайда лимон ағашы өсіріліп жатыр

AstanaTV
18.11.2022ж. 20:00
1924
Қызылордада жылыжайда лимон ағашы өсіріліп жатыр

Қызылордада жылыжайда лимон ағашы өсіріліп жатыр. Қазір 150 түпті баптап отырған кәсіпкер болашақта оның көлемін көбейтпек.

Нұрлан Нұрмағанбетов жылыжай баптауды 3 жыл бұрын қолға алған. Бұл кәсіпке өз қалтасынан 20 миллион теңге қаржы құйыпты. Ал мемлекет тарапынан төмендетілген процентпен 7 млн.теңге несие алған. Алғашында 7 сотық жерге қызанақ пен қияр егіп бастаған. Қазір көлемін 2 есеге кеңейтіп, циструстық өсімдіктің де бабын тауып отыр. Оған қоса, тәтті бұрыш, құлпынай да бар. Ал өнімдерін сауда орындарына қолжетімді бағада өткізуде.

Нұрлан НҰРМАҒАНБЕТОВ, КӘСІПКЕР:

Аптасына 400 киллограмдай қияр өткізіп жатырмыз. Лимон да бар. Осы жылы ақпанда әкеп ектік көшеттерін. жақсы алып тұр, жерсініп. Құдай қаласа, ол да 3 жылда өнім беріп қалады бастап.

Ақсуат ауылдық округінде бұған қоса, тағы бір жылыжай кешені бар. «Олар өнімді арзан бағада ұсынып қана қоймай, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр дейді ауыл әкімі.

Мәмбетәлі АҚМЫРЗАЕВ, АҚСУАТ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Қазір қияр, қызанақ өнімдерін шығарып жатыр. Күнәара 4 тоннаға жуық өнімдер шығарады. Бұл жылыжай кешенінде қазір 4 адам жұмыспен қамтылған. Ал «Казагроми» ЖШС-інде 30 адамға дейін тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Қазіргі таңда жылыжай ашуға ниетті азаматтар қатары артқан. Жергілікті әкімдіктегілер «оларға жер учаскесі аукцион арқылы кезексіз беріледі» дейді. Одан өзге мемлекет тарапынан да көрсетіліп жатқан қолдау көп дейді жауапты бөлім басшысы.

Бағлан АМАНГЕЛДИЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛІК, ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ТУРИЗМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Қалалық кәсіпкерлік бөлімі арқылы ол кісілерге ІІ деңгейлі банктермен, оның ішінде қарапайым заттар экономикасы, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы арқылы сонымен қатар ІІ микроқаржылық ұйымдар арқылы тұрақты түрде қолдаулар көрсетіледі. Бұл жерде ол кісілер 6 пайыздық жеңілдетілген несие алуға мүмкіндіктері бар.

Қала аумағында 11 жылыжай жұмыс істеп тұр. Олардың басым көпшілігі қияр өсіруді қолға алған. Өнімдері негізінен жергілікті сауда нүктелеріне өткізіледі. Ол баға тұрақтылығына сеп болады дейді сала мамандары.

М. Тоқтасынқызы