Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Қасым-Жомарт Тоқаев Exit-poll нәтижесін тыңдауға Республикалық қоғамдық штабқа барды

AstanaTV
21.11.2022ж. 20:00
1081
Қасым-Жомарт Тоқаев Exit-poll нәтижесін тыңдауға Республикалық қоғамдық штабқа барды

Кезектен тыс президент сайлауының Exit-poll нәтижелері кеше түнгі 12-ден кейін жарияланды. Сауалнама нәтижесін тыңдауға Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық қоғамдық штабқа барды. Онда «Ашық қоғам» аймақтық зерттеулер халықаралық институты жүргізген Exit poll-дың қорытындысымен танысты.

Exit poll-дың нәтижесі бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев қарсыластарын айқын басымдылықпен жеңді. Сауалнама қорытындысы жарияланғаннан кейін сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев ел үшін маңызды, тарихи науқан өткенін атап өтті.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл науқанның біздің тарихымызда қалатыны сөзсіз. Exit Poll-дың алдын ала нәтижесі шықты. Әрине, ресми қорытындыны күтеміз. Дегенмен қазірдің өзінде халқымыз маған Президент ретінде және баршаңызға үлкен сенім артты деп айтуға болады. Халықтың сенімі ең құнды нәрсе.

«Мықты мемлекет құрамыз десек, ең алдымен, әділдік орнату қажет, онсыз ешқандай да реформа болмайды» деген Қасым-Жомарт Тоқаев барлығын осы ұстанымға бірігуге шақырды. Бәріміз бір ұлт, бір қоғам болып іске кірісуіміз қажет деді. Штабта ол өзіне үлкен сенім артқаны үшін коалицияға ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Коалиция маған үлкен сенім артты. Ортақ кандидат ретінде ұсынды. Сондықтан өздеріңізге тағы да зор ризашылық білдіремін. Қоғамдық штабқа, сенімді өкілдеріме, волонтерлерге рақметімді айтып жатырмын. Бүгінгі көрсеткіш бәрімізге ортақ жеңіс. Сондықтан баршаңызды құттықтаймын.

Мәжіліс төрағасы, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов «бұл- болашақтың жеңісі» деп атап өтті. Халық жұдырықтай жұмыла алатынын көрсетті деді.

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Осы сайлау нені көрсетті? Біздің саяси күштердің, коалиция болып бес саусақтай бірігіп, жұдырықтай жұмыла алатынын көрсетті.Екіншіден біздің қаншама сынақтан, мықты болып шыққанымызды көрсетті осы жеңіс. Бұл жеңіс – халықтың жеңісі, бұл жеңіс – болашақтың жеңісі, бұл – сіздің жеңісіңіз.

Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров те сөз алды.

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ, ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ ҒАРЫШКЕРІ, ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ:

Бүкіл Қазақстан халқы сізге өз сенімін көрсетті. Сіздің бағдарламаңыз, сіздің идеяларыңыз бүкіл Қазақстан халқына ұнады. Бүкіл халық осы реформа жүретініне сенеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау заңға сәйкес өткенін атап өтті. Себебі барлық үміткерлерге бірдей мүмкіндік берілді деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Олар аймақтарды емін-еркін аралады. Сайлаушылармен кездесіп, үгіт-насихат жүргізді. Яғни, ешкімге шектеу қойылған жоқ. Әрбір сайлаушыға өз таңдауын жасауына еркіндік берілді. Сондықтан бұл науқан ерекше әділ, ашық өтті.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент сайлауы жаңа саяси дәуірге жол ашатынын айтып, алдағы уақытта басты билік институттары түгел жаңғыртылатынын жеткізді. Яғни, Әділетті Қазақстанды бірге құрып, экономиканы түбегейлі өзгертуді мақсат етіп отыр.

Б. Сатуов