Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Алматы облысында ер адам өз әйелін атып өлтірді

AstanaTV
21.11.2022ж. 20:00
2147
Алматы облысында ер адам өз әйелін атып өлтірді

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында ер адам өз әйелін шолақ мылтықпен атып өлтірді. Күдікті қамауға алынған. Бұл жантүршігерлік жағдай ауыл тұрғындарын дүр сілкіндірді.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Оқиға Ақбастау ауылында болған. Тұрғындардың айтуынша, 45 жастағы әйел өз анасының үйіне кеткен. Ал жұбайы оны іздеп барып, шолақ мылтықпен атып өлтірген.

Тәртіп сақшыларының дерегінше, аңшы мылтығы күдіктіге заңды түрде тиесілі болған. Ерлі-зайыптылар 27 жыл отасқан. Ауыл тұрғындары оларды тыныш, өнегелі жанұя ретінде біледі. «Қайғылы жағдай отбасылық жанжалдың салдары болуы мүмкін», - дейді олар.

Құралай СЕНДАЛИЕВА, АҚБАСТАУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бүгінгі жағдай отбасылық жағдай болған шығар. Бала да жақсы еді, марқұм болып кеткен қыз да жақсы еді. Үш ұлдары бар. Үшінші ұлы мектеп оқушысы. 8 сынып оқиды. Енді неге бұлай болғанын біз білмейміз.

Бұл ауыл халқы үшін күтпеген жағдай болды.Әлі ес жия алар емес.

Руслан ҚАСЫМБАЕВ, АҚБАСТАУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен туып-өскен ауыл ғой. Ауыл жақсы бізде.

Тұрған ӘБДІХАЛЫҚ, АҚБАСТАУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

10 жылдан астам тұрамын осы жерде. Барлығымыз тату-тәтті тұрамыз. Ауыл тыныш.

Күдікті қылмыс жасаған күні ұсталып, қамауға алынған. Мылтық тәркіленіп, «Адам өлтіру» бабы бойынша іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Ернар САЙДІЛДИН, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Еңбекшіқазақ ауданының полиция басқармасының тергеушілері адамды қасақана өлтірген 47 жастағы жергілікті тұрғынға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Қылмыстық істі тергеу барысы мен нәтижелері облыстық полиция департаментінің бақылауына алынды.

Күдіктінің қылмысы дәлелденсе, заңға сәйкес ол сегіз жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

М. Жақан