Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Павлодарда 30 жастағы келіншекті күйеуі тапа-тал түсте көшеде пышақтап өлтірмек болды

AstanaTV
21.11.2022ж. 20:00
1950
Павлодарда 30 жастағы келіншекті күйеуі тапа-тал түсте көшеде пышақтап өлтірмек болды

Павлодарда 30 жастағы келіншекті күйеуі тапа-тал түсте көшеде өлтірмек болды. Ол әйеліне 5 рет пышақ сұғып, қансыратып қашып кеткен. Абырой болғанда, жәбірленуші аман. Қазір ауруханада жатыр. Келіншектің айтуынша, жолдасы бұған дейін де оны өлтірем деп қорқытқан. Бірақ полицейлер оны жазалаған жоқ дейді. Толығырақ Өзгеріс Қуанар айтады.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

30 жастағы Айдана ӘБДІРАХМАНОВАНЫҢ 3 баласы бар. Үйленгендеріне 2 жылдан енді ғана асыпты. Бірақ бір айдан бері бірге тұрмаған.

Балаларын асырау үшін ол 6 айлық сәбиін тастап жұмысқа шыққан. Сол күні оны күйеуі аңдып, пышақтап өлтірмек болыпты.

Айдана ӘБДІРАХМАНОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Күйеуім жұмыс істемейтін. Бірде бар, бірде жоқ. Ал қарыз бен несие көп. Оның үстіне балаларымды асырау керек. Амалсыз жұмысқа шықтым. Жұмысқа шыққанымды қызғанып, ішімдік ішетін. Содан кейін келіп айғай-шу шығарады. Амалсыздан полицияға арыз жаздым.

Әйелдің шағымынан кейін сот оған жақындамау туралы шешім шығарған. Алайда бұны да елемеген күйеуі әйелін қорқытып үркітуге көшкен.

Айдана ӘБДІРАХМАНОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қараша айының 7-сі күні ажырасу туралы өтініш жаздым. Ал тура 10 күннен кейін күйеуім мені аңдып тұрып пышақтады. Ол кезде жұмыстан шығып, телефонмен сөйлесіп келе жатқанмын. Бірден полицияға хабарласып, жедел-жәрдем шақырттым. Бетімді, қолымды, иығымды, жекемді бәрін тілгілеп тастады.

Зардап шегуші көп қан жоғалатқан. Қазір ауруханада жатыр.

Ерлан ЖАҒЫПАРОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ №1 АУРУХАНАНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

Науқастың қазіргі жағдайы қалыпты. Өміріне төніп тұрған қауіп жоқ. Өздігінен жүріп тұра алады. Тек жарақаттың ауырсынуы бар.

3 баланың анасы полицияның дәрменсіздігіне шағымданады. Айтуынша, тәртіп сақшылары оған тек әкімшілік ғана іс қозғаған.

Әсет АСҚАРОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Н. Назарбаев даңғылында орын алған факті бойынша қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 106 бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Күйеуінен зәбір көрген әйел оның қатаң жазалануын сұрап отыр. Құзырлы органдардан көмек сұрайды.

Ө. Қуанар