Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Ақтөбеде жүз жылдық тарихы бар мектеп аумағының бір бөлігі кәсіпкерге сатылып кеткен

AstanaTV
21.11.2022ж. 20:00
1653
Ақтөбеде жүз жылдық тарихы бар мектеп аумағының бір бөлігі кәсіпкерге сатылып кеткен

Ақтөбеде жүз жылдық тарихы бар №2 мектеп-гимназиясына бала сыймай жатыр. Білім ордасы екі есе толған, оқу кабинеттері жетіспейді. Оқушылардың ата-аналары мәселені бес жылдан бері көтеріп келе жатыр. Бірақ ол әлі күнге дейін шешілер емес. Құзырлылардың айтуынша, оның бірнеше себебі бар.

Мектеп 900 оқушыға лайықталған. Қазір 1600-ден астам бала оқып жатыр. Оның үстіне, биыл ерекше балалар үшін арнайы сыныптар ашылған. Енді кабинет жетіспейді.

Альмира КЕНЖИНА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Биыл біздің балалар үшін инклюзивті сыныптар ашылды. Бірақ мектепте кабинет жетіспей жатыр. Бастауыш сыныптар үшін қосымша ғимарат салынса деп едік. Өздерінің бөлек сыныптары, спорт залдары болса екен.

Марат ЖҰМАХАНОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Спортзал сыйымдылығы өте төмен. Кейде екі класс қатар оқыған. Дене шынықтыру сабағын өткізгенде қиындық туғызады. Әр класта 30 баладан аса бала оқиды.

Негізі бұл мектепке 2017 жылы бастауыш сыныптар үшін қосымша ғимарат салуынуы тиіс болған. Бірақ ол мәселе осы күнге дейін шешілмей келеді. Себебі, мектеп маңындағы бос жатқан аймақтың бір бөлігі 17 жыл бұрын жеке кәсіпкерге сатылып кеткен.

Айбас ОРЫНБАСАРҰЛЫ, №2 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫ ҚАМҚОРШЫЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бөлінбейтін жер учаскесін неліктен жекеменшікке берген. Түсінсем бұйырмасын! Әуелі бұл участокты бөліп алып, артынан жекеменшікке беру керек еді.

Жергілікті билік қолды болған жер учаскесіне қатысты тексеріс жүргізбек. Ал мектеп аумағында қосымша құрылыс салуға жер жеткілікті дейді. Бұл мақсатта былтыр арнайы сметалық құжаттама әзірленген. Ол 2022 жылы мемлекеттік сараптамадан өтіпті. Жоба құны – 900 миллион теңге.

Жеңісбек АҚБЕРГЕНОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қосымша құрылыс салу бізде жоспарлануда. 2021 жылы жобалық сметалық құжаттама әзірленген болатын. Енді қазір 2023 жылға осы қосымша құрылысты салуға тиісті бюджеттік өтінімді бюджеттік басқармасына өтінген болатынбыз. 2023 жылы бұл мәселе басталуы керек.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Облыста бес үш ауысымдық, төрт апатты жағдайда тұрған мектеп бар. Жиырма білім ордасында оқушыларға орын тапшы. Осы қажеттілікті өтеу үшін өңірде 24 жаңа нысан салынады деп жоспарланып отыр.

Б. Рахметова