$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Барымташылардан жапа шеккен ауылдықтар әлі әділдік іздеп жүр

AstanaTV
24.11.2022ж. 20:00
1639
Барымташылардан жапа шеккен ауылдықтар әлі әділдік іздеп жүр

Батыс Қазақстан облысындағы үш ауданның шаруаларын қан қақсатқан ағайынды Ешовтардың дауы әлі бітер емес. Малынан айырылған ауылдықтар кінәлілер сотталса да олардан ешқандай өтемақы алмағанын айтады. Ал жүздеген бас мал ұрлағаны үшін бас бостандығынан айырылған барымташылар соттан жазасын жеңілдетуді сұрап отыр. Шаруалар егер олар бостандыққа шықса, өздерінен өш алады деп қорқады. Өйткені сотталушылар түрмеден шыққан соң тұрғындардан кек алатынын айтып, қоқан-лоққы жасапты. Бірақ Батыс Қазақстан облыстық қылмыстық істер алқасы барымташылардың базынасын қанағаттандырмады.

Ғизатолла ҚЫРЫҚБАЕВ, БҚО ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ СОТ АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Сот алқасы сіздің мына жазаңызды босатуға ертерек деп санайды. Сіз жете түзелді деп айтуға негіз жоқ деп есептеймін. Сондықтан жәбірленуші жағының өтініші қанағаттандырылып, сот қаулысын бұзды. Сіз жазаңызды әрі қарай өтеуді жалғастырасыз.

Батыс Қазақстан облысындағы үш ауданнан жүздеген бас мал ұрлаған ағайынды Ешовтер былтыр сотталды. Тінту кезінде полиция олардың қорасынан 600-дей жылқы тапты. Бірақ жәбірленушілер мұнымен келіспейді. Өйткені ұрылар ұйымдасқан қылмыстық топ ретінде айыпталмаған. Сондықтан берілген жаза небары 6-7 жылмен шектеліпті. Ал малын қайтара алмаған шаруалар сотқа тағы шағымдануға мәжбүр.

Саламат ЕСЕНТЕМІРОВ, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Маған ешқандай да өтемақы өтелген жоқ. Соттың басындағы екі процеске қатыстым. Сосын жолдың қиындығынан, ауа райының қолайсыздығынан келе алмай қалдым. Ешқандай нәтиже болған жоқ. Далада жатқан мал жоқ қой. Сол малымызды алайық деп келіп тұрмыз.

Е. Карин