$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Еуразия кеңістігінде ашық және сындарлы диалогты сақтау және дамыту өте маңызды», - Мемлекет басшысы

AstanaTV
24.11.2022ж. 20:00
1724
«Еуразия кеңістігінде ашық және сындарлы диалогты сақтау және дамыту өте маңызды», - Мемлекет басшысы

Еуразия кеңістігінде ашық және сындарлы диалогты сақтау және дамыту өте маңызды. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванда өткен Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысында айтты. Оның сөзінше, бұл күрделі дағдарыстардан шығудың ең тиімді жолы. Бас қосуда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының сессияарылық кезеңдегі қызметін қорытындылады және негізі геосаяси жағдайларға тоқталды.

Армения Премьер-министрі Никол Пашинянның төрағалығымен өткен саммитке Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысты. Жиында президент ең алдымен ұйымдағы мемлекетіміздің ұстанымын жеткізіп, геосаяси жанжалдарда келісім маңызды екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Халықаралық істерде күшейе түскен тұрақсыздық ҰҚШҰ кеңістігін де айналып өткен жоқ. Біздің аймақта бүкіл Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылыққа, қауіпсіздікке нұқсан келтіретін жанжалдар әлі де жалғасып жатыр. Мұндай жағдайда ашық, шынайы, конструктивті диалогты сақтау және дамыту өте маңызды. Бұл – күрделі дағдарыстар мен қайшылықтардан шығудың тиімді әрі оңтайлы жолы.

Осы ретте Президент Армян-Әзербайжан қақтығысын дипломатиялық жолмен реттеуге бағытталған шараларды қолдауға шақырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Армения мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынастың қалпына келуіне бәріміз де мүдделіміз. Ресей тарапының бітімгерлік әрекеттері Армян-Әзірбайжан қақтығысын тек саяси-дипломатиялық жолмен шешуге және екі жақтың бейбіт келісімге қол қоюына мүмкіндік береді деп үміттенеміз.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиында Ауғанстандағы жағдайға да арнайы тоқталды. Себебі бұл ел Орталық Азиядағы тұрақсыздық ошағына айналған деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл мемлекеттегі жағдайды реттеу жолдарын қарастыру – ҰҚШҰ-ның оңтүстік шекараларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі. Қазақстан осы елдің өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу үшін Ауғанстан басшылығымен өзара ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті. Біз Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетіп келеміз.

Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жанжалды шешудің бейбіт жолдарын іздеуге шақырды. сөзін қорытындылай келе армян тарапына және Никол Пашинянға Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы төрағасы ретіндегі табысты жұмысы үшін алғыс айтып, Беларусь Президенті Александр Лукашенконың 2023 жылы атқаратын төрағалығына сәттілік тіледі. Айта кетейік, ұйым жоспарланған ротация аясында Иманғали Тасмағамбетовті келер жылдан бастап бастап үш жыл мерзімге Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Бас хатшысы қызметіне тағайындау туралы шешім қабылдады.

Б. Сатуов