$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ауруханаға емделуге барған оралдық комаға түсті

AstanaTV
29.11.2022ж. 20:00
2134
Ауруханаға емделуге барған оралдық комаға түсті

Ауруханаға ем алуға барған Орал қаласының тұрғыны Ғабит Ғұмаров комада жатыр. Туыстарының айтуынша, дәрігерлер оған уақытылы ем-дом жасамаған. Осының кесірінен 36 жастағы жігіт инсульт алған. Қазір ес-түссіз, жансақтау бөлімінде. Ал дәрігерлер басқаша уәж айтады.

13 қазанда басы ауырып, өзін жайсыз сезінген Ғабит Ғұмаров «жедел жәрдем» шақыртады. Бірақ олардың көмегі қан қысымын тексерумен ғана шектеліпті. Жергілікті емхана да ковид жұқтырсаң ғана жәрдемдесеміз деп қайтарған. Жағдайы нашарлап ауруханаға келген жігітті мұндағы дәрігерлер «өкпең қабынып, суық тиген» деп үйінде емделуге кеңес беріпті.

Балғаным ҒҰМАРОВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Баламды болнеске ал дегенде алған жоқ. Бір күн болса да, ауруханаға алуы керек екен. Жоқ, алмаймыз деп балама айғайлап, қуғандай етіп шығарып салды. Аяғымен келген балам коляскамен шықты ауруханадан.

Ғабит түнімен қиналып ауырған соң, анасы учаскелік дәрігерді тағы шақыртады. Сол кезде ғана 36 жастағы жігіттен инсульт анықталған. Науқас дереу жансақтау бөліміне жатқызылғанымен, дер кезінде көмек көрсетілмей, уақыт өткізіп алды, дейді туыстары.

Назгүл ҒҰМАРОВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Просто антибиотик берсеңіз жазылады деді. Инсульт алғанын байқамай тұр. Жедел жәрдем де, учаскелік дәрігер де, облауруханадағы дәрігерлер де давлениеге қарсы ешнәрсе берген жоқ. Давлениесімен барған адамды қабылдамай, инсульт соқтырып, қазіргі жағдайы ишемический инсульт болып реанимацияда жатыр.

Қазір Ғабит ес-түсін білмейді, бірнеше күннен бері комада жатыр. Ал туыстары дәрігерлердің қате диагноз қойып, салғырттық танытқанына өкпелі.

Айнагүл САКПУСУНОВА, БҚО ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Осы дерек бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп, қабылдаған дәрігердің инсульт белгісін анықтай алмағаны белгілі болды. Негізі инсульттің белгісін тап басу оңай емес. Қазір осы оқиғаға кінәлі мамандарға сөгіс берілді. Медициналық көмектің сапасын бақылау комитетіне хат жолданып, дәрігердің қателігі бар екені туралы жауап алынды.

Ғабиттің туыстары полицияға арызданып, дәрігерлерді жауапқа тартуын сұрап отыр. Егер бауырының беті бері қарамаса, сотқа бермек.

Е. Карин