Спорт Қазақстан
$441.44 €473.09 ₽4.75
×

Қазақстанда қанша адам кедей қатарында?

AstanaTV
05.12.2022ж. 20:00
1683
Қазақстанда қанша адам кедей қатарында?

Елімізде 3 млн-ға жуық адам кедейлік шегінде өмір сүреді. Бұл жалпы халықтың 15 проценті. Үй-күйі жоқ қазақстандықтардың саны артпаса, азаяр емес. Депутаттар дабыл қақты. Бұған басты себеп - жұмыссыздық. Ал Үкіметтің бұл мәселені шешудегі әрекеті еш нәтижесіз дейді.

Ресми дерек бойынша, қазақстандықтардың шамамен 15%-ының күн-көрісі нашар, қаржылық жағдайы төмен, яғни кедей. Ал Үкіметте тіпті оны есептейтін бірыңғай әдістеме жоқ. Депутат Жәмила Нұрмағанбетованың айтуынша, шамамен 1 миллион 200 мың отбасы мемлекет көмегіне зәру.

Жәмила НҰРМАНБЕТОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Көптеген елдер кедейлік деңгейін азаматтардың денсаулық сақтау, білім беру қызметтеріне қол жетімділігі, жеке тұрғын үйі және тұрақты табысы арқылы анықтайды. Сондықтан Министрлікке атаулы әлеуметтік көмекті жетілдіруді жалғастыру орынды деп санаймыз. Ең бастысы, әрбір мұқтаж отбасы мемлекеттік органдардың назарында болады. Әр отбасымен жеке жұмыс істеу қажет.

Кедейлік деңгейін төмендету үшін, алдымен жұмыспен қамту маңызды. Бұл мақсатта мемлекттен талай рет қомақты қаражат бөлінген, бірақ, нәтиже жоқ.

Еділ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Жергілікті жерлерде 200-ден астам жұмыспен қамту орталықтары да жұмыс жасап жатыр.Дегенмен жұмыссыздық мәселесі қай өңірде де белең алып тұр және жұмыссыздыққа қатысты мәліметтердің шынайлығы да үлкен күмән туғызуда. Егер проблема дұрыс талданбаса, көрсеткіштер нақты болмаса жұмыссыздықпен күрес процесін басқару мен реттеу тиімсіз болатыны да белгілі.

Жұмыссыздық туралы ақпарат әр жерде түрлі. Мұны министрдің өзі де мойындайды. Ұлттық статистика бюросы 450 мың адамның тұрақты табысы жоқ десе, министрлікте бұл көрсеткіш 200 мыңға аз. Соның өзінде бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда 2 есе көп дейді.

Тамара ДҮЙСЕНОВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Ең негізгі мәселе бұрын егер жұмыспен қамту орталықтары азаматтарды жіберіп, ол жұмыс берушілер ондай жұмыс орындары жоқ деп қайтарып отырса, биыл ұлттық жобалардағы барлық проектілер цифрландырылды. +Қазір олар 3 мыңнан аса проекті енгізіп, 102 мың жұмыс орнын берді. Сол 102 мың орынның 59 мың орнына азаматтар өздері барып кірді.

Қазақстандықтардың өмір сапасын Әлеуметтік Кодекс жақсартады дейді министр. Оған енгізілетін жаңа параметрлер отбасыларға берілетін мемлекеттік қолдауды кеңейтеді. Бала күтіміне байланысты төлемдер мерзімі ұзартылады. Көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері өседі және олар «Алтын алқа» және «Күміс алқа» деген жаңа статуспен қарастырылмақ.

А. Базарбай