Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Таразда миллиардтаған қаржыға тұрғызылған ашық аспан астындағы мұражай құлазып тұр

AstanaTV
04.08.2016ж. 20:00
5259
Таразда миллиардтаған қаржыға тұрғызылған ашық аспан астындағы мұражай құлазып тұр

Тарихи орын тоза бастады. Таразда миллиардтаған қаржыға тұрғызылған ашық аспан астындағы мұражай  құлазып тұр. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып соғылған тарихи кешенді Елбасының өзі келіп ашқан болатын.  Алайда, құрылысы ат үсті жүргізілгендіктен, жарты жыл өтпестен, сәулеті сыр бере бастады.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Ел мақтаған ерекше кешен «Ежелгі Тараз» деп аталады. Ашық аспан астындағы мұражай - тараздық тұрғындар мен қала қонақтар көп келетін орын. Алғашқыда көне Тараздың астында көмбе жатыр деп, тарихи тұрғыда жарнамасы жер жарды. Құрылысы 1 жыл бұрын біткен болатын.  Алайда, бүгінде сәулетінің сиқы кете бастаған.

Бұл 2 млрд теңгеге салынган кешен. Мұражайдың алдына жарты жыл бұрын төселген жолдардың қазіргі кейпі осы. Асфальт қабаттары ажырап, ойдым-ойдым бола бастаған.  Ал баспалдақтардың  кафельдері  сынып жатыр. Жол жиегіндегі жақтау бетондар да мәз емес. Демалушылар жүргізілген құрылыс  сапасының сын көтермейтінін айтады.

Сәрсекүл Құрманәліқызы, Тараз қаласының тұрғыны:

Жаңадан салынып жатқанның өзінде мүжіліп, мыналар құрып жатыр. Айналада тазалық сақтау керек. Тазалық онша емес, жапырылып жатқан бөтелке, қоқыстар. Үкіметтен бөлініп жатқан қаржыға кішкене үнемдеп, дұрыстап, сапалы қылып жөндеу керек қой!

Расында мұражай ішіндегі қоқыс қалдықтардан көз сүрінеді. Мұнда мәдениетті тынығушыларға қарағанда, ішімдік ішу үшін келетіндер көп секілді. Өйткені арақ-шараптан босаған бөтелкелерді бірден байқауға болады. Ал тарихи орынның бүгінгі жағдайын тиісті мекеме басшысы сала мамандарының салғырттығынан емес, келушілерден көреді.

Рахманқұл Байтелиев, Жамбыл облысы әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы:

Елбасы, иә, келді, қатысты, көрді. Мына тротуардағы кафельдердің кейбір жерлері отырды. Облыстан салынған жұмыстардың кейбір жерлерінен ақаулықтар шығып жатыр. Ондай-ондай нәрселер болады. Оны біз қалпына келтіреміз. Сапасыз жасалғанның арқасында деп айтуға болмайды. Ол біздердің, жастардың мәдениетсіздігінің арқасы деп айтуға болады.

Тазалағы мен құрылысы қуантпаған орынның тіпті тарихи атауы жазылған тақтасындағы әріптері де түсіп қалған.  Ал жүргіншілерге басуға болмайтын жасыл газонда, керісінше, темекі тартып карта ойнағандар көп.  Әй, дейтін әже жоқ. Қой, дейтін қарауылды да байқамадық.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ