Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Қонақ үй бизнесі өкілдеріне жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасы түсіндірілді

AstanaTV
04.08.2016ж. 20:00
2295
Қонақ үй бизнесі өкілдеріне жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасы түсіндірілді

Жемқорлықтан ада қонақ үй бизнесі. Астанада мейманхана ашып кәсібін дөңгелеткен жандарға мемлекеттің жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасы түсіндірілді. Бұл шара «Нұр Отан» партиясының «Сыбайлас жемқорлық жоқ ел - өркендеуші ел» бағдарламасы аясында қолға алынған. Яғни ымырасыз күресті қажет ететін бұл індетке қонақ үй бизнесі саласында да орын жоқ. Бұл салада еңбек ететін әр азамат жемқорлыққа төзбеушілік ұстанымын бойына сіңіруі қажет. Яғни қонақ үй қызметкерлерінің жемқорлықтан ада болуы ерекше маңызға ие.

Әсіресе бұл мәселеге алда келе жатқан ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде айрықша назар аударудың мәні зор. Атап айтқанда, жан-жақтан ағылатын меймандарды қабылдап алатын қонақ үйлер - тұтас мемлекетіміз туралы алғашқы пікір қалыптасатын жер.

Жиынға партияның Астана қалалық «Бірлік» филиалының өкілдері, Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің мамандары мен кәсіп иелері қатысты. Пікір алмасу кезінде құзырлы мамандар бизнес өкілдерін толғандырған түрлі сауалдарға жауап берді. Бүкіл қоғам болып жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу қажеттігін және бұл шараның тиімді іс-қимылдарын талқылады. Елдегі әрбір азамат жемқорлыққа қарсы күрес заңнамаларын білуі шарт. Көп жағдайда азаматтар заңды білмегендіктен, қарапайым жемқорлық фактісін тани алмай жатады, - дейді мамандар.

«Нұр Отан» партиясы мен Мемлекеттік қызмет істері министрлігі бірлесіп қызмет көрсету саласы өкілдерімен кездесулерін алдағы уақытта да жалғастырмақ. Жоспарлы жұмыс қоғамның барлық саласын қамтитын болады. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ