Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Орал мен Ақтауда әйелдер форумы өтті

AstanaTV
12.12.2022ж. 20:00
1598
Орал мен Ақтауда әйелдер форумы өтті

Ел дамуында ауыл әйелінің рөлі өте маңызды. Себебі, ауылдағы жағдай бұрынғыдан жақсарған. "Еңбек етем, табыс табамын" деген еті тірі қыз-келіншектерге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіледі. Оралда өткізілген ауыл әйелдерінің форумында бас қосқан 200-ге тарта қатысушының пікірі осыған саяды. Дегенмен, нақты бір кәсіппен айналысу үшін алдымен қаржы керек. Сондықтан әйелдердің қаржылық сауатын арттыру, жеке өзін дамыту жұмыстарына көңіл бөлінуі тиіс,- дейді жиынға қатысушылар. Сан салада еңбек етіп жүрген қыз-келіншектің басын қосқан форумның мақсаты - «AMANAT» партиясы жанынан әйелдер қанатын құрып, олардың белсенділігін арттыру. Партия қолға алған «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде оларға 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беру көзделіп отыр.

Нұрсұлу ДОСҚАЛИЕВА, БҚО ТЕРЕКТІ АУДАНЫ ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Бізде ауылда жан-жақты ғой, шаштаразы бар, сосын жаңағы фото монтаждап, қолөнер бар, қазақ киімдерін тігіп кішкентай балалардың заказын алады, киімдерін тігетіні бар. Мал шаруашылығы да бар, құс шаруашылығымен айналысқысы келетіндері бар, ойларын маған айтады: айналысқым келеді, қолдау болса үкіметтен деп.

Кенесары НҰРШИНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ БҚО АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Елімізде әйел адамдардың экономикада болсын, саясатта болсын, жалпы үй жағдайында болсын, маңызы зор. Біздің негізгі міндетіміз - әйелдерді осы қоғамға бейімдеу және олардың потенциалын дұрыс бағытқа пайдалану.

Осындай жиын Ақтау қаласында да өтті. Форумға қатысушылар әйелдердің қоғамдағы рөлі мен оларға қатысты мәселелерді талқылады. Елімізде әйелдерді қолдау тұрғысында түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Ауылдағы тұрғындар үшін кәсіп бастауға басымдық берілуде.

Гүлшарат ЖҰБАЕВА, КӘСІПКЕР:

Қазір көптеген өзгерістер болып жатыр. Көптеген қолдаулар болып жатыр, гранттар бөлініп жатыр. Әрбір адам неге жетем десе де, қандай білім алам десе де, кез келген жерден ізденуге болады.

Күләш ҚАСЫМОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:

Өзіндік қызметін жасап, барлық жағынан да, бір бар ғой әдемі сөз: "Әйелдер бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді" деген. Бұл әйелдер қауымының рөлі деген өте зор.

А. Серік