$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Елорда жаңадан пайдалануға берілген тұрғын үйде жылу мен ыстық су жоқ

AstanaTV
13.12.2022ж. 20:00
2297
Елорда жаңадан пайдалануға берілген тұрғын үйде жылу мен ыстық су жоқ

Елордада жаңадан пайдалануға берілген тағы бір үйде жылу мен ыстық су жоқ. Төменгі қабаттағы кәсіпкерлік нысандарды жылудан ажыратқан. Тұрғындар енді соның зардабын тартып отыр. Мәселенің мән-жайын тілшіміз тарқатады.

«Жағалау 4» тұрғын үй кешенінде 600-дей пәтер бар. Үлескерлердің 70 проценті кілттерін алған. Жылу тұрақты болмағандықтан мұз қатып, құбырлар жарылып жатыр.

Күнзадаш ӘМИТҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Үйіміз салқын. Мен ауырып қалдым. Жөтеліп, бронхит па, білмеймін. Түнімен ауырып шықтым. Кішкентай жас балалар барлығы ауырып жатыр. Иә салқын су жоқ, иә ыстық су жоқ. Қиын жағдайда отырмыз осындай енді.

Аружан ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Тұрғын үйдегі бір пәтерге біз де кірдік. Расымен, үйдің іші суық. Еден болса, мұздай. Терезеден жел ұрып тұр. Тұрғындар осындай құрылғыны қосып, жылынуға мәжбүр. Дәл қазір қасымда осы үйдің тұрғыны Александр.

Александр ЖОХА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Жылыту батареялары жылы, соған да рақмет. Бірақ берген жылуы жеткіліксіз. Жылыту пушкасының арқасында ғана отырмыз. 15-20 минутқа өшірсек болды, пәтердің іші суық болып кетеді. Одан бөлек, осы пушканың әсерінен кабель қызып, істен шығады. 30 градус суықта ондай оқиғалар да болды.

Аружан ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Жылумен қатар ыстық су да жоқ. Су деген мұздай. Ыдыс жуу үшін суды қайнату керек, суға түсу үшін туысқандардың үйіне бару керек.

Эльза ЖОХА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Ыдыс жуу үшін суды қайнатамын. Қызымның үйіне барып суға түсемін. Өте суық. Денсаулығымыз да нашарлады. Қызымыз бізді ауылдан қалаға көшіріп еді. Бірақ біз сияқты қарт адамдарға мұндай жағдайда өмір сүру қиын.

АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ:

«Оңдасын Строй» ЖШС-нен техникалық дайындық актісін рәсімдеуге келіп түскен өтінімге 13.12.2022 ж. «Астана-Теплотранзит» АҚ маманы тұрғын үйді ыстық сумен жабдықтау жүйесінің және кеңсе бөлігінің жылу тұтыну жүйелерінің жылуды қабылдауға дайындығын тексеру үшін жолға шықты. Әзірлікті растау кезінде «Астанаэнергосбыт» ЖШС-мен шарт жасасу және жылуды іске қосу үшін техникалық дайындық актісі рәсімделеді.

Жұртшылық бұған дейін де талай мәрте әкімшілікке, құрылыс компаниясына шағымданған. Бірақ әзірге еш нәтиже болмай тұр.

А. Серік