$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылжарда көпқабатты үйдің құрылысы кезінде бір жұмысшы қаза тапты

AstanaTV
14.12.2022ж. 20:00
1594
Қызылжарда көпқабатты үйдің құрылысы кезінде бір жұмысшы қаза тапты

Қызылжарда көпқабатты үйдің құрылысы кезінде жұмысшы қаза тапты. Бұл туралы марқұмның інісі бұқаралық ақпарат құралдарына мәлімдеді. Айтуынша, кірпіш қалаумен айналысқан жігіт бетонның үстіне құлап, басын жарған. Бұл қайғылы жағдайға құрылыс компаниясы кінәлі дейді туыстары. Өңірден Абзал Құрманкин.

47 жастағы Қалел Мәденов жетінші қабатта үйдің қабырғасын қалап жатқан кезде темір сатыдан құлап кеткен. Цемент ерітіндісі оның басына түскен. Марқұмның туыстары қайғылы жағдайға құрылыс компаниясын кінәлайды.

Еркебұлан МӘДЕНОВ, МАРҚҰМНЫҢ ІНІСІ:

Құрылыс компаниясында қауіпсіздік талаптары мүлде сақталмаған. Менің ағам 1,5 метр биіктіктен құлады. Ал кірпіш қалаушыларға арналған темір сатыда 1метр 30 сантиметрден бастап бөгеттер орнатылуы тиіс. Бұдан бөлек, үйдің сырт жағында әр үш қабат сайын құлаған адамды ұстап қалатын тор болуы тиіс. Бұл кәсіпорынның көтергіш крандарында да біраз ақау бар.

Ал кәсіпорын өкілі барлық техникалық талаптарды сақтап отырғанын айтады. Мәселен, марқұм күнде жұмысқа шығар алдында қауіпсіздік нұсқаулығынан өтіп, жұмысқа қажетті барлық құрылғымен қамтамасыз етілді дейді.

Валентин ВЕДЕРНИКОВ, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Қалел Мәденов үйдің сыртқы қабырғасын емес, бөлме аралық қабырғаларды тұрғызды. Біздің арнайы журналымыз бар. Ол нұсқаулықтан өтіп, күнде оған қол қойып жүрді. Біз жауапкершіліктен қашып жатқан жоқпыз. Марқұмның туысқандарына жаназаны өткізу үшін қаржылай көмек көрсетіп, батаның ақшасын жинап бердік. Біз қазір жүргізіліп жатқан тексерістің әділ өтуін қалаймыз.

Қалел Мәденов аталған құрылыс компаниясында бір ай ғана жұмыс істеген, штаттын тыс еңбек еткен. Сондықтан оны мен кәсіпорын арасында қызмет көрсету жөніндегі келісім-шарт қана болған.

Азат КӨШЕРБАЕВ, СҚО ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСҚАРМАСЫ ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Жұмысшы мен құрылыс кәсіпорнының арасындағы келісім-шарт азаматтық заң жүйесімен реттеледі. Яғни, бұл оқиға арнайы тексеріске жатпайды. Марқұмның туысқандары өз шағымдарын азаматтық кодекске сәйкес сотқа жүгінуі тиіс.

Ал полиция қылмыстық іс қозғап, оқиғаның мән-жайын зерттеп жатыр. Ал қапияда көз жұмған азаматтың артында шиеттей үш баласы қалды.

А. Құрманкин