$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Оралда қысқы дизельдің бағасы 650 теңгеге жетті

AstanaTV
15.12.2022ж. 20:00
1884
Оралда қысқы дизельдің бағасы 650 теңгеге жетті

Оралда қысқы дизельдің бағасы 650 теңгеге жетті. Бұл аздай аймақта жазғы дизель де тапшы. Егер мәселе уақытылы шешілмесе, коммуналдық мекемелердің жағдайы қиындайды. Өйткені аяз күшейгенде жазғы дизель мұз болып қатып қалады дейді жүргізушілер.

Қыс түсіп, күн суытса құрылыс компаниялары мен коммуналдық кәсіпорындардағылардың уайымы күшейеді. Өйткені арнайы техниканың бәрі дизельмен жүреді. Ал қысқы дизельдің литрі қазір 650 теңге. Кәсіпорындардың шығыны еселеп өсті.

Армат ТӨРЕБЕКОВ, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫ АВТОКӨЛІК БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Бір Камазды рейске шығару үшін 200 литр жанармай пайдаланылады. Оның бағасын есептесек, -30 градуста 130 мың теңге. Өте қиын. Неге десеңіз, ауа райы -20 градус болған кезде жанар-жағармай құйылған бактың ішінде қатып қалады. Таңертеңгі 8-де шығатын техника түске таман шығады ғой енді жасыратыны жоқ.

Жанармайдың қымбаттауы коммуналдық мекемелерге де кесірін тигізеді. Мәселе тез шешілмесе, өңірдегі жолаушы тасымалы қиындайды. Өйткені автобус атаулы дизельмен жүреді.

Тұрарбек ТІЛЕМІСОВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:

Қар түскенде мүлдем қиын болады. Тарифте 125 теңгеден тұрғанда 650-ден алу деген өте қиын. Қысқы жанармайға біз ештеме істей алмаймыз. 650-ден қойды, одан түспейді енді. Оған үкімет те ештеме істей алмайтын сияқты.

Кәсіпкерлер тығырықтан шығу үшін тарифті өсіру керек дейді. Бірақ құзырлы органдардың бағаны өзгертуге келісуі үшін кемінде бір жыл кетеді. Ал ол кезде дизельдің тағы да қымбаттап кетуі мүмкін. Бірақ шенеуніктер мұнымен келіспейді.

Миржан НҰРТАЗИЕВ, БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Дизель отынына көп сұраныс жоқ бізде. Коммуналдық мекемелер бізде барлығы күнделікті жұмыс істейтін болғандықтан, күзгі-жазғы отындарын пайдалана береді. Ал енді қысқы жанармайға ондай сұраныс жоқ.

Қазір Оралда жазғы дизельдің өзін таппайсыз. Қаладағы жалғыз жанармай құю бекетінде тек қысқы солярка сатылып жатыр. Қысқы дизель тек Ресейде өндіріледі дегенді алға тартқан шенеуніктер, отын бағасының қымбат болуы рубль бағамына байланысты екенін айтады.

Е. Карин