$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Үш облыста тауық жұмыртқасы 10-12% жоғары бағамен сатылған

AstanaTV
19.12.2022ж. 20:00
1289
Үш облыста тауық жұмыртқасы 10-12% жоғары бағамен сатылған

Еліміздің үш өңірінде жұмыртқа бағасын заңсыз қымбаттатқандар анықталды. Ол қай өңірлер? Келер жылы алтын бағасы өсе ме? Сарапшылардың пікірі қандай? Осы және өзгеде ақпараттар экономика топтамасында.

ДОЛЛАР БАҒАМЫ ТӨМЕНДЕДІ

Бүгін ақша айырбастау пунктерінде 1 доллар 468 теңге болып бекітілді. Kurs.kz мәліметі бойынша, Астанадағы валюта айырбастау орындарында 1 доллар 468 – 472 теңгеден сатылып жатыр. Ал Алматыда доллар 467 – 471 теңге аралығында құбылып тұр. Дәл қазіргі уақытта Алматыдағы ақша айырбастау орындарында Ресей валютасын 7,7 – 7,15 теңгеге сатып алуға болады.

АЛТЫННЫҢ ҚҰНЫ АРТАДЫ

Келер жылы құйма алтынның құны артады. Дүниежүзілік алтын кеңесі осындай болжам жасады. Сарапшылардың пікірінше, алтынның унциясы 1900 долларға дейін өседі. Еске салайық, мұндай рекордтық көрсеткіш биылғы жылдың наурыз айында тіркелген еді. Ол кезде баға унциясына 2000 долларға дейін өскен. Алайда кейін оның құны 18%-ке төмендеді. Бұл жағдай келер жылы да қайталануы мүмкін.

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КЕҢЕСТІҢ БОЛЖАМЫ:

Баяу рецессия алтын бағасын нығайтады. Бұған қоса, инфляция төмендеп, доллар әлсіресе бағалы металдың құны артады. Сонымен қатар геосаяси шиеленіс кезінде алтын тұрақты инвестициялық құрал ретінде қала береді. 2023 жылы Қытайдың экономикалық өсімі қалпына келіп, алтынға тұтынушылық сұранысты арттыруы керек.

Бұл ретте алтын бағасы АҚШ Федералды қор жүйесінің базалық мөлшерлеме туралы шешіміне байланысты да құбылатыны анық. Мұны мамандар да айтып отыр. Қазір әлемде көптеген мемлекеттердің Орталық банктеріндегі негізгі резервтік қорлар алтын түрінде сақталған. Тізімді АҚШ, Германия және Италия көш бастап тұр. Олардың қатарында Халықаралық валюта қоры да бар.

- АҚШ - 8133,5 тонна;

- Германия - 3355,1 тонна;

- ХВҚ - 2814 тонна;

- Италия - 2451,8 тонна;

- Қазақстан - 384,1 тонна.

Бауыржан ЫСҚАҚОВ, ЭКОНОМИСТ:

Міндетті түрде әрбір қаражаты бар азаматтар өздерінің валютасын міндетті түрде әртараптандыру керек. Оның ішіндегі алтынның үлес де жоғары болу керек. Өйткені болашақта сарапшылардың айтуына байланысты алтынның құны қымбаттап, доллармен баламалы валютаға айналып кетуі де мүмкін деген ақпарат бар. Сол үшінде алтын ол сенімді капитал көзі болып табылады.

Серік ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ - САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

Заңнама шеңберінде жұмыс істеу керек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке белгіленген сауда үстемесінен аспау керек. Әкімдіктердің назарын тағы да сауда үстемесін бұзу тәжірибесінің жолын кесу қажеттігіне аударамын.

ЖҰМЫРТҚА БАҒАСЫН ЗАҢСЫЗ КӨТЕРГЕНДЕР АНЫҚТАЛДЫ

Еліміздің үш өңірінде жұмыртқа бағасы заңсыз көтерілгені анықталды. Бұл туралы сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды. Заңсыздық Ақмола, Батыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында тіркелді. Онда жұмыртқа 25-тен 27 пайызға дейін үстеме бағамен сатылған. Еске салайық, әлеуметтік маңызы бар тауардың үстеме бағасы 15 пайыздан аспауы тиіс. Сондықтанда министр жергілікті әкімдерге бағаны бақылауда ұстауда тиісті шаралар қабылдауы тиіс деді.

Б. Сатуов