$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Бүгін «AMANAT» партиясы облыстық филиалдарының конференциясы өтті

AstanaTV
21.12.2022ж. 20:00
1786
Бүгін «AMANAT» партиясы облыстық филиалдарының конференциясы өтті

Ел аумағында«AMANAT» партиясы филиалдарының конференциялары жалғасып жатыр. Бүгін «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының кезектен тыс конференциясы өтті.Фракция депутаттары өңір-өңірді аралап жылды қорытындылады. Осы және басқа да өзекті мәселелерді бүгін партия филиалдарының кезектен тыс конференцияларының отырыстары барысында талқылады.

Қарағанды облыстық мәслихатындағы «AMANAT»-тың депутаттары биылғы жұмыстардың нәтижесімен бөлісті. Мәселен, халық қалаулылары балаларға арналған шипажайларды қаржыландыру тәсілін қайта қарап, өңірде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша бірқатар бастама көтерді. Сондай-ақ, аманаттық депутаттардың қолдауымен Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі және онкологиялық аурулары бар балаларға арналған паллиативтік орталық ашылды. Конференция барысында Бекзат Алтынбеков ашық дауыс беру арқылы партия филиалының төрағасы болып сайланды. Жалпы, партия қатарында өңірдің 34 мыңнан астам тұрғыны бар, 271 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Партияның Атқарушы хатшысы Асхат Оралов аманаттықтардың алдында демократиялық қағидаттарға негізделген Әділетті Қазақстанды құру міндеттері тұрғанын атап өтті.

Асхат ОРАЛОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

«AMANAT» партиясы – Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі. Оның басты міндеті – Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын іске асыруға қолдау көрсету үшін азаматтарды біріктіру. Бұған біздің күш-қуатымыз жететініне сенімдімін. «AMANAT» партиясының мүшелері – тұғырда тұрған тұрақтылықты сақтауды, әділдікті қолдауды, әр отбасының әл-ауқатын арттыруды көздейтін белсенді адамдар.

Шығыс Қазақстан облысында да бұл конференция өз жалғасын тапты. Облыстық филиалдың төрағасы болып Сайрангүл Жұмаділова сайланды. Жыл бойы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы жоспарлар талқыланды.

Қызылжарда «AMANAT» партиясының мүшелері де жылды қорытындылады. Бүгінде партия құрамында 28 мыңнан астам адам бар. Жыл сайын олардың қатары 700-800 адамға толығады. Партия құрамындағы арнайы бақылау комиссиялары мен қоғамдық кеңестер 500-ден астам мәселені қарап, басым бөлігінде оң шешім шығарған. Әсіресе, биыл жерді қайтару мәселесіне аса назар аударылды. Құқық қорғау органдарының көмегімен 280 мың гектар жер мемлекеттік меншікке қайтарылды. Филиал төрайымы болып сайланған Әсем Рахметова қоғамдық қабылдаулардың тиімділігі туралы айтты.

Әсем РАХМЕТОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ СҚОФ ТӨРАЙЫМЫ:

Енді халық қоғамдық қабылдау бөлмелеріне бармайды, қоғамдық қабылдау бөлмелері халыққа өзі барып жүргенін көріп отырсыздар. Жыл басынан бері партияның облыстық және аумақтық филиалдарының қоғамдық қабылдауларына 4046 өтініш келіп түсті. Олардың 48%-ы оң шешімін тапты. Мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелері 40-тан астам ауылдық елді мекендерге барды.

Осы аптада еліміздің бірқатар өңірінде партиялық конференциялар өтіп, онда «AMANAT»-тың облыстық филиалдарының жаңа төрағалары сайланды.

М. Қалиасқар