$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Елімізде зейнет жасы өзгерді

AstanaTV
26.12.2022ж. 20:00
2157
Елімізде зейнет жасы өзгерді

Әйелдер 61 жаста зейнетке шығады. Бүгін Президент тиісті Заңға қол қойды. Сондай-ақ, жастардың жасы 29-дан 35-ке дейін ұлғаймақ. Бұл биылғы жылдың елеулі жаңалығы деуге болады. Жалпы барыс жылы еліміз үшін жаман болған жоқ. Есте қаларлық сәт көп. «Астана» телеарнасының тілшілері маңызды деген оқиғаларға шолу жасады.

Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Әйелдерді 61 жаста зейнетке шығару мәселесі ел арасында көп талқыланды. Бүгін бұл тақырыптың нүктесі қойылды.

Күнзияш Аплатинова 40 жылдан бері білім саласында еңбек етеді. Химия, биология пәндері бойынша шәкірттерінің жетістігі жетерлік. Келер жылы енді құрметті зейнетке шықпақ.

Күнзияш АПЛАТИНОВА, МҰҒАЛІМ:

Зейнет жасын 63-тен 61 жасқа ауыстырғаны өте жақсы болды. Бұл аналар үшін өте маңызды. Әжелер немерелерін бағу керек, немерелерінің жағдайын жасау керек. Сол үшін жалпы осы қойылған бұйрықтың орынды екенін айтқым келеді. Бұл аналарға жасалып жатқан қамқорлық деп айтар едім.

Әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес енді бала күтімі бойынша берілетін жәрдемақы 1 жарым жасқа дейін төленеді. Ал жастардың жасы 29-дан 35-ке ұзартылды. Соған сай, жергілікті атқарушы органдарға жеңілдікпен баспана беру бағдарламасын әзірлеу тапсырылмақ.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Пәтер қымбаттап жатыр ғой жылдан жылға. 29 жасқа дейін көбісі алып үлгермейді, ақша жинап үлгермейді. 35 жасқа дейін мүмкіндік болады енді.

- 1,5 жасқа дейін алса біраз көмек болады ғой аналарға. Үйде отырған аналарға біраз көмек болады ғой деп ойлаймын.

- Ерте жұмысқа шыққаннан гөрі 1,5 жасқа дейін отырған өте жақсы. Мысалы менің де келіндерім сондай үйде отыр баламенен. Қуаныштымын.

Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Биылғы жыл әлеуметтік салада жаңалықтар көп болды. Жәрдемақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі, тіпті шәкіртақы да өсті. Ол туралы Атыраудағы әріптесім Базаргүл Нәдірқызы толығырақ айтады.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Биыл жоғары оқу орындары студенттерінің шәкіртақысы артты. Педагогика мамандығында оқитын студенттер 58 мың теңгеге, басқа бағыттар бойынша білім алатындардың шәкіртақысы 37 мың теңгеге жуықтады. Сондай-ақ магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы артты. Білім қуған жастар үйден ақша сұрауды ұмыттық дейді. Солардың бірі – Қадыржан Сапаров. 4 жыл бойы кезең-кезеңмен өскен шәкіртақы барлық қажеттілігімізге жетіп тұр, - дейді. Ауылдан келген жас тіпті жатақахана ақысын да өзі төлейді екен.

Қадыржан САПАРОВ, Х.ДОСМҰХАМЕДОВ АТЫНДАҒЫ АТЫРАУ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:

Біздер 2019 жылы оқуға түскен уақытта стипендия мөлшері 26 мың теңге болды. Қазргі уақытта 4 жылда 20 пайыздан өсіп, 58 мың 800 теңгеге жетті. Қуантарлығы алдағы жылы да 20 процентке ұлғаяды стипендия мөлшері. Бұл біздің біздің алаңсыз, ешқандай да отбасымыздан қаражат сұраусыз өздігімізден кедергісіз білім алуымызға жасалған мемелкет тарапынан үлкен мүмкіндік деп ойлаймын.

Кітапханашылар мен мұрағатшылар бюджет саласы қызметкерлерінің ішінде бойынша ең төменгі жалақы алып келген еді. Жалақысы аз жұмысқа жас мамандар тұрақтамай қойған. Олардың жалақысы 2020 жылы 35, 2022 жылы 23 пайызға өсті. Мамандар келер жылы да көбейеді деп үмітті.

Жаннат ЖАЙЛАУОВА, АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН КІТАПХАНАЛАР ЖҮЙЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Жай кітапханашылар 80 мыңдай алып жүрді, 70-80 мыңдай. Қазір енді көтерілгенде 100-120дай болады шамамен. Әсіресе жас мамандарың кетіп қалуышылар болды кітапханашылар басқа жұмысқа ауысып кетуіне. Жалақының аз болуына байданысты. Көбіне тұрақтап қалып жатқан орта буын, орта жастағы үйренген, өзінің жұмысына берілген мамандар ғой қалып жатқан.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Осылайша келер жылы Атырау облысында рухани қазына ордасында қызмет ететін 358 кітапханашының жалақысы өседі. Қасиетті қазынамызды көзің қарашығындай сақтап, насихаттай береміз дейді сала мамандары. Жалпы елімізде биыл елеулі оқиға көп болды. Әрі қарай әріптесім Рабиға Бақытжанқызы жалғастырады.

Рабиға БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Елорданы қайтадан «Астана» деп атау керек! «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшелері биыл осындай ұсыныс жасады. Мұны Парламенттің қос палатасының депутаттары бірауыздан қолдады. Олар мұны халық таңдауымен байланыстырды.

Еділ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Адамның көзі тірісінде қалаға есімін беру дұрыс деп есептемейміз. Және де қаланың жаңа атауын халық та қабылдамады. Сондықтан Тұңғыш президент өзі ұсынған Астана атауын қайта қалпына келтіру тарихи әділдік болар еді. Бұл Тұңғыш президенттің бас қаламыздың құрылысын салдырудағы еңбегін де бағалау және халқымыздың ұсыныс-пікірін де ескеру.

Жұрт елорда атауының өзгеруін қуана қабылдады. Бірі «Астана» атауының әр тілде жазылуы оңай десе, енді бірі бұл атау әлемдік брендке айналған деген пікірде.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Астана қаласы атауы бізге жақынырақ. Бүкіл әлем Қазақстанды Астана деп біледі.

- Астана ұнайды маған. Дұрыс деп ойлаймын.

- «Астана» атауы әдемі естіледі. Тілге де жеңіл.

Рабиға БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Сонымен, 2022 жылы 17 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Астана атауы қайтарылды. Мұны шаһар тұрғындарымен бірге бүкіл ел халқы қуана қабылдады. Астана-бас қала! Барыс жылында бұл да бір тарихи сәт боп, күнтізбеге жазылды.

Р. Бақытжанқызы