Қазақстан - әлемдік аренада ашық диалог алаңына айналды. Дін лидерлерінің 7 бірдей съезінің елімізде өтуі соған дәлел. Биыл 14-15 қыркүйекте 50 мемлекеттен 100-ден астам делегация қатысқан шара жылдың елеулі жаңалығы ретінде тарихқа жазылмақ. Мұнан өзге де халықаралық шаралардың мәні мен маңызы, нәтижесі туралы арна тілшісі шолу жасады.
Ұлтаралық, дінаралық шиеленістердің зардабын адамзат аз тартқан жоқ. Әлі де сабақ алмай келеді. Оған Оңтүстік Африка, Ауғанстан мысал бола алады. Дін басшылары Елорда төрінде "Пандемиядан кейін адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөлі" атты тақырыпты талқылады.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазіргі күрделі кезеңде съездің тарихи мәні артып отыр. Өйткені халықтар арасындағы келісімді нығайтып, пандемиядан кейінгі әлемде әділетті қоғам құру – бәрімізге ортақ міндет. Осы орайда ашық диалог орнату – өте маңызды. Дін көшбасшыларының VII съезі тың идеяларға жол ашып, баршамызды биік белестерге жеткізеді деп сенемін.
Рим Папасының пандемиядан кейін алғашқы сапарын Қазақстаннан бастауы тегін емес. Оның пайымынша, елімізде түрлі сенімдегі адамдардың ынтымақ пен мейірімде өмір сүруіне барлық жағдай жасалған.
ФРАНЦИСК РИМ ПАПАСЫ:
Абай діни ұғымдарының арқасында халқының рухындағы діни түсініктерді жеткізді. Ол барлық жан-тәнімен лайықты адам болу даналығын ұсынды. Біз өмірбойы өзіміздің аспан астындағы көзқарасымызды кеңейтеміз. Бізге көптеген сұрақтарға жауап іздеу керек. Бізге рухани әлемді байыту қажет. Абай айтқандай, жан тіршілігін рухпен ұштастыру керек. Пандемиядан кейінгі кезеңде діннің орны қандай екенін көрсету қажет.
Астана. 13 қазан. Қазақстанның төрағалығымен өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті бірқатар мемлекеттің басшыларының басын қосты. Кеңес қатары тағы бір елмен толықты. Кувейт ұйымға мүше мемлекет мәртебесін алды. Ал Түркіменстан бақылаушы ел ретінде тізімге кірді. Бұл жағдай ұйымның әлем қауымдастығы алдындағы беделін арттырары сөзсіз. "Ата topraklarımızda... (Бабалар жерінде)". Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның елге жасаған сапарының мән-маңызын осы сөзінен ақ аңғаруға болады. Ердоған жаһандық қауіпсіздікке алаңдаушылық білдірді. Ол терроризмнің таралуына ерекше назар аударып, Ауғанстанда бейбітшілік пен тұрақтылықты орнатудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, Украинадағы қақтығысты тезірек тоқтату қажет деді.
Режеп Тайып ЕРДОҒАН ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біздің бәріміз Украинадағы дағдарыстан кейінгі салдарды аймақтық және жаһандық деңгейде көріп отырмыз. Мен әрдайым бейбітшілікке тек дипломатия арқылы ғана қол жеткізуге болатынын айтып келемін. Қазіргі әділетті әлемдегі соғыста жеңімпаз болмайды. Екінші жағынан, соғыстың салдарын жоюға бағытталған біздің БҰҰ-мен бірге күш-жігеріміз бүкіл әлемді мойындатып жатыр.
Владимир Путин Украинадағы жағдайға байланысты жақ ашпады. Тек Ауғанстанның заңсыз бұғатталған қаражатын қайтаруды және басқыншылық жылдары елге келтірілген шығынды өтеуге шақырды. Азия елдерінде өзара есеп айырысуда ұлттық валюталарды пайдалануды ұсынды.
Владимир ПУТИН, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біздің Азиядағы көптеген серіктесіміз сияқты, ондаған жыл бойы капитал мен технологияның барлық ағынын қамтыған өзін-өзі жариялаған "алтын миллиард" біреудің есебінен өмір сүруге мүмкіндік беретін әлемдік қаржы жүйесінің жұмыс принциптерін қайта қарауды бастау қажет деп санаймыз. Бірінші кезектегі қадам ретінде біз өзара есептеулерде ұлттық валюталардың неғұрлым белсенді қолданылуын көреміз. Мұндай шаралар мемлекеттеріміздің қаржылық егемендігін нығайтуға, капиталдың ішкі нарықтарын дамытуға, өңірлік экономикалық интеграцияларды тереңдетуге ықпал ететіні сөзсіз.
11 жылдан бері соғыс жүріп жатқан Сириядағы жағдайды тұрақтандыру үшін не істеу керек? Есірткінің ошағына айналған Сириядағы жағдайды тұрақтандыру жайы тағы да Астанада талқыланды.
Әлішер ӘБДІРЕШОВ САРАПШЫ:
Биыл халықаралық шаралар өте көп өтті. Қауіпті әрі тұрақсыз жағдайлардың болғанын да атап өту керек. Украинадағы қақтығысты да атап өтпеске болмайды. Санкциялық текетіресті де атау қажет. Әрине, мұның барлығы Қазақстанға әсер етпей қоймайды. Елдің экономикасына, азаматтарына да ықпал етеді. Бұл жылы Қазақстан әлемдік аренадағы беделін аңғартты. Күзде біздің мемлекетке ресми сапармен келушілердің қатары көп болды. Рим папасының Қазақстанға келуін ерекше атау керек. Түрлі саммиттердің өтуі Қазақстанның беделіп арттырып қана қоймай, төрағалық етуіне де мүмкіндік берді.
Мұндай халықаралық жиындардың Астана қаласында өтуі Қазақстанның халықаралық саясаттағы өзіндік рөлін одан сайын айқындай түседі. Еліміздің саяси беделінің көрсеткіші. Замануи геосаясат пен гибридті саяси құбылыстар өршіп тұрған сәтте диалог алаңдарының көптігі мен беделі біз үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды.
Р. Бақытжанқызы