Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Сақ болыңыз! 43 градус аяз болады

AstanaTV
09.01.2023ж. 20:00
2208
Сақ болыңыз! 43 градус аяз болады

Ауа-райының қолайсыздығынан тағы бірқатар өңірде мектептерде сабақ тоқтады. Синоптиктер алдағы күндері ауа температурасы 43 градусқа дейін төмендейді деп болжам жасауда. Қандай сақтық шаралары қолға алынды? Аймақтардағы ахуалды тілшілеріміз жеткізеді.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Астанада саршұнақ аяз, көктайғақ. Дәл қазір ауа температурасы минус 25 градус. Ал қатты желдің әсерінен -36 градус сезіледі. Сондықтан оқушылар қашықтан оқып жатыр. Ал кеше 0 градус шамасында болды. Ауа-райының бұлайша күрт өзгеруі адам денсаулығына кері әсерін тигізеді дейді дәрігерлер. Айтуларынша, мето сезімтал адамдар көбеюде. Күн райындағы құбылысты, әсіресе, балалар мен әйелдер, отадан кейінгі адамдар, сондай-ақ қарттар қатты сезетін көрінеді.

Шынтас ҚАСЫМ, АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ ШЖҚ «ҚАЛАЛЫҚ ЖЕДЕЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫ» СИМУЛЯЦИЯЛЫҚ ОҚЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Иммунитеті төмен адамдар болатын болса, ол кісілерге қалыпты температураға организм үйренген, температураның тез көтеріліп, тез түсуі иммунитеті төмен адамдарға, сондай-ақ созылмалы сырқаттары бар адамдарға кері әсерін тигізеді. Бізде метосезімталдық ауа қысымының ауадағы ылғалдылық пен ауа қысымының өзгеруіне әкеліп соғады. Сол кезде ол ағзаға кері әсер етуі мүмкін.

Астана-Петропавл тас жолында 9 көлік соқтығысты. Салдарынан 9 адам ауруханаға жеткізілді. 6 жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Енді тәртіпке бағынбай, қолайсыз ауа-райында жолға шыққан жүргізушілерге 103 500 теңге айыппұл салынып, 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады.

Ержан ӘДІЛБЕКОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ ПД ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жүргізушілерді ұқыпты болуға және көліктерді жол бойына қоймауға, қоғамдық көліктердің қозғалысына кедергі келтірмеуге шақырамыз. Жол қозғалысы ережелерін, жылдамдық режимін, қауіпсіз қашықтықты, маневр ережелерін және бүйірлік аралықты қатаң сақтаңыз.

Синоптиктер ертең Астанада аяз күшейеді деп отыр. Ал 11 қаңтарда аздаған қар жауады. Коммуналдық қызметтер тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, қар күреу жұмысы тоқтаусыз жүргізілуде. Бүгін қар тазалауға екі мыңнан астам адам шығарылған. 1 жарым мыңға жуық арнайы техника жұмылдырылды. Ал басқа өңірлерде жағдай қалай? Батыстағы әріптесім, әрі қарай жалғастырады.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Орал өңірінде де аяз буып тұр. Бұған дейін аймақтағы автокөлік жолдары көктайғақ пен бораннан жабылса, енді аязға байланысты сақтық шаралары күшейтілді. Қазір полиция мен төтеншеліктердің жұмысы қарбалас. Өйткені жоғалған малын іздеген ауылдықтар далада адасып кетуіне әлде көлігі бұзылған жолаушылардың жолда қалуына жол берілмеуі керек. Ауа-райын болжаушылар аяздың әлі де күшейетінін айтады.

Ольга КОЗЛОВА, БАС ИНЖЕНЕР-СИНОПТИК:

Алдағы аптада облысымыздың аумағындағы ауа райы арктикалық суық циклонның ықпалында болады. Сондықтан аяз күшейеді. Ауа температурасы -35 градусқа дейін төмендейді.

Ауа-райының қолайсыздығына байланысты бүгін 1-9 класс оқушылары сабаққа барған жоқ. Қашықтан оқып жатыр.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Ауа-райын болжаушылардың дерегінше, үш күннен кейін күн қайта жылынады. Аяздың беті қайтып, ауа температурасы -5 градусқа дейін төмендейді. Бұл метеобақылау саласында қалыпты жағдай дейді синоптиктер. Өңірдегі ең суық күн 75 жыл бұрын тіркеліпті. Ол күні -41 градус аяз болған. Ал Алматыда жаңбыр дейді.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Еліміздің біраз аймағы ақтүтек боранмен, сақылдаған сары аязбен алысып жатса, Алматыда таңертең аздап жаңбыр сіркіреді, бірақ қазір күн шығып тұр. Сынап бағанасы 8 градусқа дейін көтерілді. Мегаполисте биыл қыстың жылы болғаны соншалық, Есентай өзенінің бойында мұз көшкіні болып, қоршауды бұзып кеткен. Күні бүгінге дейін өзендерде сел жүру қаупі болды. Дегенмен қаңтардың ортасында көктемнің жайма шуақ ауа райына тап болған қала тұрғындары мәз-мейрам.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Алматыда погода өте жақсы. Маған ұнайды. Күнде осылай қыдырамыз құрбыларымызбен. Шапкасыз жүре аламыз. Күн жылы.

- Бәрімізге ұнап жүр. Далаға шыққанымызға қуаныштымыз, ең алдымен. Қар жауып, далаға шыға алмай сырғанап, ары-бері құлап... Өте қуаныштымыз.

- Күн жылы болғаны жақсы ғой. Сыртқа шығып, серуендегіміз келіп тұрады. Өткен жылы қыс өте суық болған еді...

Алайда алматылықтардың бұл қуанышы ұзаққа созылмайтын тәрізді. Алдағы екі тәулік бойы қалада қалың қар жаумақ. Ауа температурасы түнде 18, күндіз 15 градусқа дейін төмендейді. Синоптиктер одан кейінгі күндері 25 градусқа дейінгі қатты аяз болады деп болжайды. Мамандардың айтуынша, жауатын қардың қалыңдығы 30 см-ге дейін жетуі мүмкін.

Айдын ҚАЛАБАЕВ, АЛМАТЫ қ. КОММУНАЛДЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ КӨРІКТЕНДІРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Өндірістік базаларда тәулік бойынша кезекшілік ұйымдастырылды. Көктайғақтың пайда болуына байланысты жүргізушілерге жылдамдықты азайтып, көлік арасындағы арақашықтықты ұлғайтуға кеңес береміз. 1000-ға жуық арнайы бірлік техника мен 1400 жол жұмысшылары дайын.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Болжап болмайтын табиғат таңырқатпай қоймайды. Төтеншеліктер де қала тұрғындары мен қонақтарын жылы киініп, түнде себепсіз далаға шықпай, жолда барынша абай болуға шақырады.

А. Базарбай