Елімізде арбаға танылғандар үшін ешқандай жағдай жасалмаған. Елордадағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар осылай дейді. Айтуларынша, кейбір автобустар мен ғимараттарда арнайы пандус жоқ. Салдарынан ерекше жандардың жүріп-тұруы мұңға айналған. Әріптесім Аружан Задабек мүгедек арбасына өзі отырып, қала ішінде жүріп көрді. Қандай қиындықтарға кезіккенін айтып береді.
Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Тағдыр тауқыметін тартып жүрген мүмкіндігі шектеулі жандардың алдынан кезігетін мәселе көп. Әсіресе, қыс басталып, қар түскеннен кейін олардың алдынан кездесетін мәселе одар әрі көбейе түседі. Мынандай тайғақ жолда арбамен жүру қиын, расында.
Мүмкіндігі шектеулі жандар қала ішінде пандусы бар ғимарат аз дейді. Бар болғанның өзінде талапқа сай емес. Құлап, жарақат алуың әбден мүмкін. Оны біз де тексердік. Эксперимент жасап, арбаға отырып шаһардағы бірнеше орынға барып едім...
Кембағал жандардың әр күні осындай экстримге толы. Қиындықтардан әбден мезі болған Айкүміс Рустамқызы қыс басталса қимылдауымыз тіптен қиындайды дейді.
Айкүміс РУСТАМҚЫЗЫ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Қар қалың жауып кетеді. Кейбір кезде күремей қояды. Жаздың күні де кез-келген, бір жаққа баратын болсам мен алдын-ала хабарласамын. Ол жақта пандус бар ма, ол жақта маған ыңғайлы ма деген сұрақтарды қоямын. Пандустар қатып қалады. Егер электронный бір кнопкалар болмаса, қазір көбіне кілтпен ашатын ғой. Кейде ашамын деп сынып қалып жатады.
Астана қаласын транспорт жүйесімен қамтамасыз ететін компания қазір қала ішінде қатынайтын автобустарда арнайы пандус бар, қауіпсіздік шарасы сақталған дейді.
Ғани ТӘЖИЕВ, «CTS» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:
Елордада қоғамдық көлік желісі 96 бағыттан тұрады. Күн сайын 800-ден аса автобус жолаушы тасымалдайды. Олардың 70 процентінде пандус бар.
Ал жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Инватакси» қызметін іске қосқан. Қазір Астанада 48 автокөлік мүмкіндігі шектеулі жандарды діттеген жеріне жеткізеді. Бірақ алдын ала жазылып, тапсырыс беру керек. Өйткені барлығын бірдей қамтуға мүмкіндік жоқ.
АСТАНА қ. ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫ:
Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға, мүгедектерді автомобиль көлігімен тасымалдау бойынша қызметтер көрсету қағидаларына сәйкес Мүгедек адамдарды тасымалдау бойынша Инватакси қызметін ұсынады. Қазір «Инватакси» қызметі 1741 адамды қамтып отыр.
Тағдыр тауқыметін тартып, арбаға таңылған Айкүміс те бұл қызметті алу оңай еместігін айттады.
Айкүміс РУСТАМҚЫЗЫ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Олар 3-4 машина, біз көппіз ғой. Және көп жағдайларда олар сынып қалуы мүмкін жолда, шұғыл жағдайлар болған кезде осындай қиындықтар туындап қалуы мүмкін. Бізде жылап жүретін уақыт жоқ, шыны керек. Біз әрнәрседен жақсылық көруге тырысамыз.
Астанада 20 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады. Оның 2 мыңы – бірінші, ал 8 мыңға жуығы – екінші топтағылар. Қоғам белсенділері осы жандардың жауыр болған мәселесі қашан шешіледі деп ашынады.
Гүлнар ОМАРОВА, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:
Ыңғайсыз жерлер, пандустар өте көп. Бұл жерде айтарым, ең бастысы, неге біз мүгедектігі бар адамдарды жиі көшеден көрмейміз? Күнделікті өмірде көрмейміз. Өйткені олар өздерінің үйлерінен шыға алмайды. Мәселе сонда. Үйдің ішінде де жағдай жоқ.
Қазақстанда 670 мыңнан астам мүгедек тұрады. Оның ішінде 62 пайызы еңбекке қабілетті жаста, 25 проценті зейнеткер. Қалғаны 18 жасқа толмаған балалар. Олардың бәріне ортақ бір тілек бар. Қоғамда кедергізсіз жүргенді қалайды.
А. Задабек