$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Талдықорғанда тоқтап тұрған 5 көпқабатты үйдің құрылысы жуырда қайта жанданбақ

AstanaTV
10.08.2016ж. 20:00
2456
Талдықорғанда тоқтап тұрған 5 көпқабатты үйдің құрылысы жуырда қайта жанданбақ

Талдықорғанда «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынып жатқан көпқабатты 5 тұрғын үйдің құрылысы тоқтап тұр. Желтоқсанда тапсырылуы тиіс нысандарға Ұлттық қордан 2,5 млрд теңге бөлінген. «Ишедо энерджи» серіктестігі құрылысты аяқсыз қалдырған. Көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға берілуі тиіс нысан құрылысы қашан жанданады? Айгүл Ермахан анықтады.

Айгүл Ермахан, тілші:

Биыл Талдықорған қаласының 300-ге жуық тұрғыны мына 5 үйге көшіп келіп, қоныс тойын тойлауы тиіс болатын. Алайда тұрғын үйдің құрылысын сеніп тапсырған серіктестік құрылысты бастамай жатып, тастап кеткен. Қазір тек жертөлелері ғана бар нысандар осы маңайдағы екі шағын ауданның инфрақұрылымының дамуына кедергі келтіріп отыр.

Енді «Ишедо энерджи» серіктестігі үшін құрылысқа араласу арманға айналды. «Бәйтерек Девелопмент» әу баста осы компанияға тапсырыс берген. Аванс ретінде 709 млн теңге аударған.

Бауыржан Әйтімбетов, «Бәйтерек Девелопмент» АҚ мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру департаментінің директоры:

Жұмыс нормасын уақытысында сақтамай, біз мердігерді сотқа берген болатынбыз. Осы жылдың 6 сәуірінде соттың шешімі шықты. Бас мердігермен қазіргі уақытта құзыретті органдар жұмыс істеп жатыр. «Банк Астаны» 709 млн теңгені 25 шілдеде толықтай қайтарды. Қазіргі таңда конкурсты басынан қайтадан жариялауға жұмыс жасалып жатыр.

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бой көтеретін тұрғын үйлердің барлығы "Нұр Отанның" бақылауында. Партияның Талдықорғандағы өкілдері жергілікті билікке құрылыс сапасын тағы бір сүзгіден өткізуді тапсырды.

Сәметай Дәулетқанов, Алматы облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

Қазақстан нормаларына сәйкес, бұл тоқтап қалған нысандарға консервациялық жұмыстар жасалынуы керек еді. Өйткені көтергіш құрылымдардың барлығын қазір тот басып кетті. Енді қайтадан бұны іске қосамыз десе, кейбір құрылымдарды қайта бұзып, қайта салу керек болып тұр. Біз міндетті түрде бақылауға аламыз.

Ғалиасқар Сарыбаев, «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

Халыққа тездетіп осы үйлерді салып беру. Тапсырыс беруші кәсіпорын жұмысымызды бастаймыз, қайтадан тендер жарияланып, соған байланысты 5 үйдің жұмысы қайтадан жаңғыртамыз деп отыр. Біз соған қуаныштымыз, басты мәселе шешімін тауып жатыр.

Қыркүйек айына жоспарланған тендер сәтімен жүзеге асса, тұрғын үйлердің құрылысы бір жылдан соң аяқталмақ. «Бәйтерек Девелопмент» компаниясының департамент директоры осылай деп сендірді. Ал үй бағасының әр шаршы метрі 140 мың теңгеден аспайды деп отыр. Бұған дейін халық арасында, құрылыс материалдары құнының шарықтауына байланысты үй бағасы да қымбаттайды, деген қауесет тараған болатын.

Айгүл ЕРМАХАН